31 мамыр - Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

28-мамыр күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен «Алаш рухына тағзым» атты шарада қазақтың көрнекті қоғам қайраткері С.Сейфуллиннің тар жол, тайғақ кешкен өмір жолынан сыр шертетін «Емен-ұзақ жасайтын ағаш» атты ҚазАТУ студенттерінің дайындауындағы театрландырылған драмалық  қойылымның тұсаукесері өтті. Спектакль авторы филология ғылымдарының кандидаты Ғазиз Ештанаев болса, Сәкен рөлін техника факультетінің студенті Қуаныш Дүйсенқұлов, Сәкеннің жары Гүлбахрамның рөлінде энергетика факультетінің студенті Әмина Реш сомдады.  Бүгінгі спектаклдің ең басты ерекшелігі – агротехникалық салада дәріс алып жүрген студенттердің кәсіби актерлермен терезесі тең ойнаған ерекше қойылым болды, аталмыш қойылым С.Сейфуллиннің репрессия жылдары қудалауға түскеніне 75 жыл толуына арналып отыр. Спектакль соңында сөз алған ҚР  Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов қойылған сахыналық қойылымның жоғары деңгейін атап өтіп, мұндай шаралардың өскелең ұрпаққа берер рухани пайдасы зор екенін айтып кетті.

Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, белгілі алаштанушы ғалымдар, тарихшылар, саяси қуғын-сүргін жылдары қудалауға түскен Қазақ агротехникалық университетінде жұмыс істеген ғалымдар да қатысты.  Олардың қатарында репрессия жылдары қудалауға түскен Ольга Хегай, Раиса Гантимирова сияқты университет ардагерлері бар. 

Сонымен қатар,  С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде  «ХХ ғ. 20-30-ы жж. саяси репрессиялар: халық басындағы нәубет және тарих сабақтары» тақырыбында   кездесу болды.  Конференцияға С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академиясының толық мүшесі А.Қ.Күрішбаев, ҚР  Парламент мәжілісінің депутаттары Оразгүл Асанғазықызы, Нұртай Сабильянов, Бақытбек Смағұлұлы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбекұлы, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Бекжан Әбдуәлиұлы, Қ.Қуанышбаев атындағы театр актері Қуандық Қыстаубаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті  гуманитарлық факультетінің деканы Хадиша Әубәкірова т.б. қонақтар қатысты.

 

ҚР  Парламент мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазықызы қазіргі жастар арасындағы қазақ тілінің қолданыс аясының деңгейі және тіл мәртебесін көтеру туралы сөз саптап, жиналған студенттер мен қонақтарды отансүйгіштікке шақырды. Ал өз кезегінде еліміздің тәуелсіздікке жетуінің қиын-қыстау кезеңдері туралы айта кеткен ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлұлы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып отырудың жастар тәрбиесінде маңыздылығын атап өтіп, жиналғандарға өзінің   нәубет жылдардағы зұлматтан зардап шеккен  қандастарымыздың тағдыры туралы өлең жолдарын оқып берді.

Жиналған қауым алдында сөз алған ҚазАТУ ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дегендей, тәуелсіздігіміздің арқасында жазықсыз қараланған ұлт қайраткерлері ақталып, есімдері ортамызға қайта оралып, рухтары елімен қауышты.     

Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміз  қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресімен, азаттыққа ұмтылған қайсарлығымен келді. Сондықтан кейінгі жастарға өз тарихына құрметпен қарап, елінің ертеңі үшін құрбан болған бабалар рухына мәңгі тағзым ету – парыз. Өркениетке ұмтылған Қазақстан тәуелсіздігінің тұғырлы, еңсесінің биік болуы ұлт тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сабақтастыратын текті ұрпағымен баянды, тарих-шежіресін қастерлеген жалынды жастарымен өміршең болмақ.       

Рухы биік ұрпағы барда халқының арманы үшін басын қатерге тіккен арыстарымыз елімен мәңгі жасамақ. Биік тұлғаларды уақыт бізден алыстатқан сайын, рухани жаңашылдықтың жаршысындай болған бейнелері санамызда жарқырай бермек!» деп атап өтті.  

Филология ғылымдарының кандидаты  Бауыржан Иманғалиев  «Темірбек Жүргенов және 30 жж. саяси зобалаң» баяндамасында   «Жиырмадан жаңа асқан шағында республиканы басқарған Тұрар, Сұлтанбек, Смағұлдар қоғамды қаламымен тәрбиеледі, әттең сталинизм бел алып, әбден күшейе бастаған 30-жылдар басынан бұлардың адымы қысқарып, көмейлеріне ыстық қоламта құйылды, осы себеппен қаламдары да еріксіз мүжілді» дей келе, Темірбек Жүргеновтің қайтаркерлік қырының зерттелмей жатқан ақтаңдақ беттерінен деректер келтірді.

Саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алған шара барысында  өткен жылдар елесін көз алдыңа келтірер бейнероликтермен толықтырылған концерт болып, елі үшін жанын қиған арыстарды еске алып, ас берілді. «Әзірет Сұлтан» мештінің наиб имамы Бақытжан Өткербаев алаш арыстарына, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап құран бағыштады.

 

Шараны ұйымдастырушылар: С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы. 

 

Статистикалық  деректер

31 мамыр Қазақстан үшін ерекше аталынып өтетін қаралы күн. Бұл - ашаршылық оқиғаларының, репрессияның  құрбандарын еске алу күні боп 1997 жылдан Елбасымыз Н.Назарбаевтің Жарлығымен белгіленген.

Біз бұл күнді қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек.

Қазақстандағы репрессияның бірінші «толқыны» 1928 жылы басталды. Ол 1925 ж. Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1-і хатшысы болып келген Ф.И.Голощекиннің «Кіші Қазан» деген теріс қорытындысына байланысты еді. Нәтижесінде республикада репрессиялык шаралар жүргізіліп, Алаш зиялылары - Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т.б. қуғын сүргінге ұшырады.

Қуғын-сүргіннің екінші «толқыны» 1937-38 жж. жүргізілді. Бұл жылдары бүкіл КСРО-да, әсіресе Мәскеу мен Ленинградта жаппай репрессия басталған еді. Соның ызғары Қазақстанға да келіп жетті. 1937 жылы М.Ғатаулин, Н.Нұрсейітов, М. Ордабаев, Ж.Баймолдин, А.Асылбеков, Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов т.б. ату жазасына кесілді.

Кеңестік тоталитарлық жүйенің өктем саясаты мен зорлық-зомбылығы 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың бас кезінде халық наразылығын туғызды. 1929-1931 жж. Қазақстанда 80 мыңдай адам қатысқан 372 халық наразылығы мен көтерілістері болды. Бас көтерген халыққа аяусыз жазалау шарасы жүргізілді.

Біздің елімізде 140 000-ға жуық адам жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, лагерьлерге айдалды, 25 000 адам атылып кетті.

Анықтама телефондары:  27 37 10, 39 57 07

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ баспасөз қызметі

  • Ілмектер:

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.