Студенттік емхана өз жұмысын бастады

31  мамыр күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Студенттік емхананың  cалтанатты  ашылу рәсімі болып, оған Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айтжан Мұхамеджанұлы Әбдіров және Астана қалалық денсаулық сақтау Басқармасының бастығы Айгүл Кимқызы Сегізбаева қатысты.

Емхананың салтанатты ашылу рәсімінде «Университет жанынан   ашылып отырған бірінше емхананың өз жұмысын бастауы  студенттер үшін ең жағымды жаңалық болып отыр» дей келе,  «Елбасының Қазақстан халқына жолдауындағы тапсырмасы және ведомствоаралық әріптестік аясында Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы  мен «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ арасында  Меморандумға қол қойылды» деп атап өтті.   

Студенттік емхана ашу мәселесін университеттің басқармасы арнайы қарап, шешім шығарған болатын. 2011-2015 жылдары денсаулық сақтауды дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауындағы тапсырмасы және ведомствоаралық әріптестік аясында Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы  мен «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ арасында Меморандумға қол қойылды.

Тікелей емхана ашуға  ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Зекенқызы Қайырбекованың және университетіміздің ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың сіңірген еңбегі зор. ҚазАТУ студенттері оларға шексіз алғыстарын білдіруде.

Бүгінгі таңда  №3 емханананың 3 кәсіби дәрігер-терапевті, психолог, гинеколог және 6 медбике  науқас студенттерге аналық мейіріммен сапалы қызмет көрсетуде. Енді студенттер бұрындағыдай  қиналып, алыс жерлерге бармай, жақын жерден емделіп, медициналық бақылаудан өтіп, кеңес алуға мүмкіндіктері бар. Емделіп шыққан студенттер  тіркеу бөліміндегі журналға өз ризашылықтарын жазып қалдыруда. Емханада студенттердің денсаулық индексін жоғарылату мақсатында университеттің Тәрбие жұмысы департаментімен бірлесіп салауатты өмір салтын насихаттау, шылым шекпеу, ішімдік пен нашақорлыққа қарсы профилакториялық жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Студенттік емханада IPVPN байланысы орнатылған. Университетте сондай-ақ  Студенттік дәріхана жұмыс істей бастады. Ондағы дәрілердің бағасы басқа жерлерден әлдеқайда арзан. Оны студенттік жастар ұйымдары үнемі бақылап отырады.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да бүгінгі күні студенттердің  әлеуметтік мәселелері осылай оң шешімін табуда.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.