ҚазАТУ – БОЛАШАҚ БАСТАУЫ!

2013 жылғы 1 қыркүйекте С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Білім күніне» арналған «ҚазАТУ – БОЛАШАҚ БАСТАУЫ!» атты салтанатты мерекелік іс-шара  өтті. 

Аталмыш шараға С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі А.Қ.Күрішбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары  Жамбыл Ахметбеков және Бақытбек Смағұлов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Зайрулла Дүйсенбеков, сахна майталманы Бауыржан Ибрагимов, Қазақстан КВН Одағының Президенті Есен Елеукен, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола  жүлдегері, боксшы Марина Вольнова және 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының жүлдегері, таэквондошы Арман Чилманов, «Қазспорт» телеарнасының Бас директоры, танымал спорт  журналисті  Диас Ахметшәріп, продюссер Евгений Жагалтаев сынды  арнайы шақыртылған меймандар қатысты.  

 

 

Өз сөзінде университет ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев «Биылғы жылы біздің университетіміз аграрлық саладағы барлық оқу орындарының алдыңғы қатарынан орын алды. 2013-2014 оқу жылы университеттің бірінші курсына 2 804 студент қабылданса, олардың 1 343-і мемлекеттік грантқа ие болғандар. Бұл студенттердің 47,9 % мемлекеттік грантпен оқиды деген сөз. Бұл көрсеткіш – біздің университетіміздің жастар қалауына ие болған беделді оқу орны екенін дәлелдейді» деп атап өтті. 

Шара барысында студенттердің www.univerlife.kz әлеуметтік желісінде жүргізілген ЖОО-ы арасындағы  республикалық сауалнаманың қорытындысы да жария етілді.  Жалпы саны 105 жоғары оқу орыны қатысқан сауалнама студенттер арасында жүргізіліп, нәтижесінде   С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық  университеті «Ең үздік университет» атағын жеңіп алды. Бұл ақжолтай  хабар туралы сертификатты университет ректоры Ақылбек Күрішбаевқа  ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков тапсырды.  

Биотехнология саласы бойынша жас та болса ғылыми ізденісте табыстарға қол жеткізіп, арнайы ғылыми гранттарға ие болған агрономия факультетінің студенті Әсем Жанғұлованы университет ректоры А.Күрішбаевтың арнайы мадақтау хатымен ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Зайрулла Дүйсенбеков   марапаттады.

56 жылдық тарихы бар ҚазАТУ қашанда еліміздің бас қаласы Астанада өтетін мерекелік іс шаралардың бел ортасында жүреді, өнерпаз жастары қалалық, республикалық, халықаралық өнер додаларында жеңімпаз атануда. «Дән еккен және білім берген адамдар ең бақытты жандар» деп сөзін бастаған сахна саңлағы Бауыржан Ибрагимов университеттің «Қызғалдақ» би ансамблі мен «Шабыт» ұлт-аспаптар ансамбліне Астана қалалық Мәдениет Басқармасының  атынан арнайы мақтау қағаздарын табыс етті.   

 

 

Сонымен қатар, университет  қабырғасында  бірқатар спорт саңлақтарын білім алуда. Олардың қатарында боксшылар Данияр Елеусінов, Мерей Ақшалов, Ілияс Сүлейменов, Қазанда өткен халықаралық универсиаданың күміс жүлдегері Эскархан Осканов т.б. бар. Астана қалалық спорт және дене тәрбиесі Басқармасының арнайы сыйлығын  салтанатты түрде тапсырған Лондон олимпиадасының қола  жүлдегері Марина Вольнова студенттерді спортты серік етуге  және салауатты өмір салтын ұстануға   үндеді.  

Білім күніне арналған мерекелік салтанатты кеш барысында университетттің қоғамдық кәсіптер факультетінің ұжымы дайындаған концерт ұйымдастырылып, мереке көрігін  «Аграрка сарбаздары» КВН командасының  жұлдыздары  толықтырды. 

 

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың Баспасөз қызметі

Анықтама тел.: 39-57-07

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.