Мұғалімін "мырза" деп атамаған оқушы таяқ жеді

Алматы облысы Талғар ауданы мектептерінің бірінде оқитын оқушы дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін  мұғалімінен оңбай таяқ жеді. Мұғалім сабақ кезінде оқушысын көгала қойдай етіп сабап тастаған. Баланың бар кінәсі ұстазын "мырза" деп атамағандығында, деп хабарлайды КТК арнасы.


Өзін осылай айтқызып үйретіп жүрген мұғалімнің ауыр жұдырығын, тіпті, қаршадай қыздың туа бітті кекештігі де тоқтата алмапты. Бүгін осы бассыздық жауапсыз қалмасын деп шу көтерген басқа ата-аналар мектеп директоры мен ұртоқпақ ұстаздың жұмыстан кетуін талап еткен көрінеді. 

Фатима Тулаева таяқ жеген қыздың әпкесі. 2 айдан бері мектепті торып жүр. 10 жасар баланы оңдырмай ұрған ұстазды ұстап алып сазайын беру сондағы ойы.

Зардап шеккен оқушының айтуынша, мұғалім оны қылғындыра бастаған. Оның есімі - Нүсіпәлиев Жанболат Тоқтасынұлы.

43 жастағы бұл мұғалім енді бүгіннен бастап мектепте сабақ бермейді. Дардай азаматтың балаларға күш көрсеткеніне әріптестері де сене алар емес. Тез арада жиналыс ашып, адуынды ұстаздан құтылуға асығыпты.    

"10 жыл педагогикалық стажы бар мұғалім болғаннан кейін біз ол кісінің мұндай жаманшылық жасайды деп ойламадық бұрын- соңды…", - дейді мектеп директоры Гүлфайра Нұрғазиева.

Бірақ ашуға мінген ата-ана ұжымның бұрандасын босатып алған басшының да орнын босатуын талап етуде. Ал оқиға оқу жыл басында орын алғанымен, қызға қол сілтеген ұстаздың үстінен іс енді ғана қозғалыпты.

"Ол мойындап отыр. Оқушы айтқан сөзін тыңдамаған. Сабақ барысында бұзықтық жасаған дегенге келтіріп отыр", - дейді Талғар ауданының прокуроры Ерлан Өтегенов.

Мектептің тек ішкі тәртібі ғана емес, іші де шатқаяқтап тұр. Ескілігі сонша, еденін көртышқандар кеміріп, орындықтары да ілініп әрең тұр.

Балалар бар-жоғы 4-ақ бөлмеде оқиды. Компьютер дегенді көрмеген. Ал барша мектепке ортақ игілік интерактивті тақта туралы ұстаздар естімеген де.

Қазір мұнда 245 бала үш ауысыммен оқиды. Соңғысы кешкі жетіде үйіне әрең дегенде жетеді. Мектеп мұғалімдері 10 жыл бойы мектеп өтініп сұрап жүр екен. Бірақ әлі күнге дейін селт еткізер жаңа ғимарат туралы сыбыс жоқ

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.