Елтаңбадағы "Қазақстан" сөзі латыншаға ауыстырылып жатыр .

Темірлан Отарбаев, кәсіпорын басшысы: -Осыған дейінгі болған стандарттарға өзгеріс енгізілгені туралы қазан айының орасында хабардар болғанбыз. Кеше кешкі мәлімет бойынша, әр түрлі пішіндегі шамамен 2 мың елтаңба дайын тұр. Қаңтар айынан бастап мемлекеттік орындар сатып алу науқанын бастайды. Біз де соған дайындалып жатырмыз. Бұл шеберханада диаметрі 200 миллиметрден 2 метрге дейінгі көлемдегі Елтаңбалар жасалады. Оны жасауға ең қымбат материалдар қолданылады. Тіпті, күн мен желден тозып кетпеу үшін арнайы материалмен орап шығады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев былтыр қазанның 27-сінде қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы жарлыққа қол қойғанын айта кетейік. Ал қыркүйекте ғылыми-техникалық комиссия мен Елтаңба авторы бас қосып, мемлекеттік рәміздегі «Қазақстан» сөзін латын қарпімен жазу туралы шешім қабылдады. Бұл қазақ тілін 2025 жылға дейін латын қарпіне көшіру жоспарына сай жүргізіліп отыр. Бүгінде ел аумағында мемлекеттік елтаңбаны жасап шығару құқығын иеленген 26 кәсіпорын бар. Ал мемлекеттік орындарға оны алдағы екі жылдың ішінде жаңарту керек деген талап қойылуы мүмкін. Ерік Жалмамбетов, Техникалық реттеу және метрология комитетінің басқарма басшысы: -Бұл өзгерістердің күшіне енуі бүгінгі күнге дейінгі мемлекеттік органдардың қолданыстағы мемлекеттік елтаңбаны толықтай қолдануға шектеу қоймайды. Яғни бұл жерде өтпелі кезең болады. 2021 жылдың бірінші қаңтарына белгілеу ұсынылды. Тиісті мерзім келісілген жағдайда, осы мерзім бекітілетін болады.
  • Ілмектер:

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.