Елімізде қандай мамандықтарға сұраныс аз?

Жыл басынан бері еліміз бойынша 347 мыңнан астам адам электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл жүйе халықты еңбекпен қамтуды әлдеқайда жеңілдетті. Электронды еңбек биржасы осы жыл басынан бастап толығымен іске қосылған еді. Жалпы елде қандай мамандықтар сұранысқа ие? Қандай кәсіп иелері жұмыс таппай жүр? Үйден шықпай-ақ, жұмыс табуға болады. Мұндай мүмкіндікті электронды еңбек биржасы ұсынады. Бүгінде Еңбек.кз порталына 78 мыңға тарта жұмыс беруші мен екі қолға бір күрек іздеген 360 мыңнан астам адам тіркелген. Соңғы он айда 347 мың 500-ге жуық адам осы биржа арқылы жұмыс тапқан. 90 мыңнан аса түйіндеме жатыр.

Қазірдің өзінде бос вакансиялар жеткілікті. Соңғы дерек бойынша 44 мыңға жуық жұмыс орны бар. Олардың арасында тек мемлекеттік органдар ғана емес, жеке компаниялар ұсыныс жасап отыр. Барлық қызметтер электронды форматта болғандықтан, тараптар арасында байланыс орнату жеңіл. Жалақы мөлшері де әрқилы. Әрине, бірінші кезекте еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіп иелері қиындықсыз жұмысқа алынды. Ербол Оспанов, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президентінің бірінші орынбасары. - Біздің талдау нәтижесі бойынша ең сұранысқа ие мамандықтар: тәрбиешілер, медицина саласының мамандары, IT саласының қызметкерлері, соның ішінде ақпараттық қауіпсіздік, ақпарттық талдау сияқты мамандықтарға сұраныс көп. Дәл осы мамандық иелері оңай жұмысқа тұрып кетсе, ал заңгер, қаржыгер, экономист пен есепшілерге біраз қиындау. Себебі бұл мамандықтарға сұраныс аз. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пилоттық режимде электрондық еңбек кітапшасын енгізуді қолға алды. Жобаға 15 мекеме қатысып жатыр. Ербол Оспанов, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президентінің бірінші орынбасары: - Бес мыңнан астам еңбек шарттары тіркелді. Бірінші қарашадан бастап еңбек шарттарын тіркейтін функция жасадық және кез келген мекеме өзінің еңбек шарттарын тіркей алады.

Соның арқасында әрбір жұмысшының өзінің еңбек өтілін электронды түрде жүргізуге мүмкіндік беріп отырмыз. Күн сайын порталға 100 мың адам кіреді. Бұл үш жаққа да тиімді. Жұмыс берушіге де, жұмыс іздеушіге де және үкіметке де. Алдағы уақытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында жобаны әлі жетілдіре түсу көзделген.   Қарлығаш Қайыпбекова, тілші: - Статистикаға жүгінсек, елімізде 2 млн-нан астам адам үнемі қозғалыста жүреді. Яғни бірі еңбек нарығынан кетеді, бірі жұмыс ауыстырса, келесісі қызметке тұрады. 1 жарым млн-нан астамы өз бетімен жұмыс табады. Алайда олардың барлығы тиімді қызметке тұрды деп айтуға болмайды. Мамандар электронды еңбек биржасын қолдануға кеңес береді. Ал болашақта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында да бірыңғай электронды еңбек биржасы құрылуы әбден мүмкін.

  • Ілмектер:

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.