Ұлттық экономика министрлігі бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған

Қомақты қаржылар қазір екіұдай күйде тұр. Олар негізінен түрлі жобаларды жүзеге асыруға бөлінген көлемді қаражаттар. Есеп комитеті Ұлттық экономика министрлігінің 2014-2018 жылдар аралығындағы бүкіл есеп-қисабын тексеріп, мынадай келеңсіздіктерді анықтаған екен. -Барлығы 963 миллион теңгеден аса қаржыға қатысты қаржылық заңбұзушылықтар анықталса, тиімсіз жұмсалған бюджет қаржысының көлемі 208 миллиард 551 миллонды құрайды.  Одан бөлек, құжаттарды рәсімдеу (146) мен жүйелі түрде жіберілген кемшіліктер (27) де жетіп артылады. Құжатқа бейғам қараудың кесірінен бүгінде Астананың әрін келтіріп тұрған ғимараттардың бірі «Нұрлы жол» теміржол бекетін салу кезінде бастапқы бекітілген сомасынан 33 миллион теңгеге асып кеткен. Соның өзінде салынып біткен бөлігі 40 пайызға да жетпейді.

 

Оның қасында құны ондаған миллион тұратын қондырғылар әлі орнатылмаған. Бұл бір ғана мысал. Мұндай басы бар, аяғы жоқ жобалар жетіп артылады екен. Бірақ, өкініштісі, квазисекторға бөлініп, бірақ тиімсіз жұмсалған ақшаны кері қайтару тетігі  жоқ екен. Яғни, бөлінген миллиардтар не желге ұшады, не ауада қалқып тұрады. Константин Плотников, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі:  -Атырау облысындағы еркін экономикалық аймақтағы мұнай химиясы жобасын алайық. Қазір ол жобаны жүзеге асырудың керегі де болмай қалды.

 

Ал оған бөлінген 18 миллиард теңге жаратылмаған күйі қалды. Бірақ ол қаражатты бюджетке кері қайтару механизмі қарастырылмаған. Иә, меже қылған көрсеткіш орындалмаған. Айталық, шағын және орта кәсіпкерліктің елдің ішкі жалпы өніміндегі үлесін 50 пайызға дейін өсіру керек болған. Алайда, 2015-17 жылдар аралығында оның үлесі тек 25,6 пайызды ғана құраған екен. Елдегі бизнес ортаны әлем экономикасындағы қиын жағдайдан сақтау үшін 166 миллиард теңге бөлінген болатын. Бірақ ол ақша да тиімсіз жұмсалған болып шықты. Алайда, министрлік өкілдері оны мойындағысы жоқ. Керісінше, көрсеткіштеріміз жақсы деп мақтануға шебер. Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі: -2017 жылы шағын және орта кәсіпкерліктің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 24,4 пайыз деген индикатор болған. Оны 25,6 пайыз қылдық. Биылғы көрсеткішті 27,1 пайыз деңгейіне жеткізіп отырмыз. Елбасының соңғы жолдауынан кейін шағын кәсіпкерлікке 100 миллиард теңге несие берілетін болды. Бұл бизнес саласын жандандыра түседі деп отырмыз. Әйтсе де жаңағы ел игілігіне жаратылмай қалған миллиардтар үшін Ұлттық экономика министрлігі бәрібір жауапты. Қазіргі уақытта бюджетке соның 333 жарым миллион теңгесі қайтарылған екен. Қалған қаражат бойынша не жобаларды аяғына дейін жеткізу керек.

 
Дереккөз ktk.kz 

  • Ілмектер:

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.