«Борат» фильмі Қазақстан үшін үлкен жеңіс болды - Сыртқы істер министрі

«Борат» фильмі Қазақстанға туристерді тартуда көп септігін тигізді.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатында депутаттар сауалына жауап берген Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов мәлім етті.

Жиын барысында депутат Жамбыл Ахметбеков соңғы кездері еліміздің мемлекеттік рәміздерін қорлау фактілері шетелдерде орын алып отырғанын айтып: «Ел ішінде орын алған бұндай жағдайды Қазақстанның заңнамасы аясында реттеуге болады. Ал сырт елдерде мемлекеттік нышандардың қорлану фактілерін болдырмау секілді шараларды жеткілікті дәрежеде қадағалай алмай отырған сияқтымыз?», - деді.

Бұл ретте, депутат Кувейттегі жағдай мен «Борат» фильмін меңзеді.

«Мен «Борат» фильміне философиялық тұрғыдан қарауды сұрар едім. Фильм Нью-Йорк экранына алғаш шыққанда мен тұрақты өкіл қызметінде жүргенмін. Сол кезде БҰҰ Штаб-пәтеріне барар жолда менің де артымнан журналистер жүгіріп, маза бермейтін. Оларға мен де айттым әлгі кино шыққалы бері Қазақстанға берілген визалар саны күрт, тіпті 10 еcеге дейін артты. Бұл біз үшін үлкен жеңіс. Мен Қазақстанға туристер тартуға септігін тигізген үшін Боратқа алғыс айтар едім», - деді министр Е. Қазыханов.

Ведомство басшысының айтуынша, тіпті сол тұста бір компания «Борат-тур Қазақстан» атты арнайы туристік қызметін де жариялаған екен. «Әрине, мемлекеттік нышандарға қатысты көтеріліп отырған мәселе орынды, айтарлықтай салмақты мәселе. Біз соңғы уақытта орын алған оқиғаларды тыңғылықты зерделедік. Өкінішке қарай, Кувейтте біздің дипломатиялық өкілдігіміз жоқ. Дегенмен, біздің барлық елшіліктерге қатаң тапсырмалар жүктелді»,- деді Е. Қазыханов.

Автор: Қанат Мәметқазыұлы

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат

  • Ілмектер:

Пікірлер (2)

  • -

  • Бұл фильм нағыз қазақтың намысына тиеді. «Борат» фильмі Қазақстанға туристерді тартуда көп септігін тигізді – ол туристер сол бейне бойынша жабайы, нақұрыс адамдарды көруге келгендер болар. Шетел халықтардың бұл фильмге сенімділігін төмендету үшін (сенімділік бар екенін жақында Қазақстан спортшыларын марапаттауында қате ән - ұранын қоюынан белгілі), Қазақстандық кино шығармашылығын жаңартып дамыту керек екенін көрсетеді. Жаңа тұрғыда қазақ батырларды, салт-дәстүрі, тарихы бай халықты көрсетуіміз керек.

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.