«ЕЛОРДАЛЫҚ» СТУДЕНТТЕРГЕ СТАТУС ҚАЖЕТ

Биылдан бастап ұлттық университеттерге оқуға түсу үшін жас түлек ҰБТ-дан кем дегенде 70 балл жинауы керек. Қалай дегенмен, ұлттық университет деген аты бар, білімімен қатар, талабы да осал емес. Болашақта мұндай оқу орындарына екінің бірі емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен озат түлектерінің жиналарына сенім мол.  

Мен Астана қаласында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқимын. Мемлекеттік грант иегерімін. Ай сайынғы алатын шәкіртақымыз - 15 мың теңге. Семестрді толық 5-пен аяқтаған студенттерге – 17 мың теңге төленеді. Ал мектепті «Алтын белгімен» бітірген студенттер бірінші семестрде 7 мың теңге артық алады, яғни 22 мың теңге. Бірақ, бірінші семестрді үздік аяқтамаса ел қатарлы 15 мың алады, ал егер үздік болса тағы 2 мың қосылып, 24 мың теңгеге дейін алуға мүмкіндіктері бар. Бұл – тек біздің университеттің ғана өзіне тән ерекшелігі, білімді, талапты жасты қолдау, ынталандыру деп ойлаймын.

Бірақ, студенттің аты студент, бәріне бірдей қарау керек, тек қана «Алтын белгілерді» қолдай беру де дұрыс емес қой. 15-17 мың теңге студент үшін өте аз, ата-анадан қаржылай көмек сұрауға тура келеді.

Басқа қала болса бір жөн, бірақ елордада мұндай қаржымен күн көру біраз ауыртпалық туғызары анық. Мұнда мәдени орталықтар, кинотеатр, басқа да қоғамдық орындар бар. Студент заманнан қалмауы керек, Елорда белсенділікті талап етеді. Сол себептен болар, көптеген студенттер қосымша жұмыс істеп жүреді. Екі кеменің құйрығын ұстаған қайтіп оңар дейсің, осылайша студенттерің біразы жазғы сессияға қалып жатады.

Ұлттық ЖОО-да оқитын студенттердің шәкіртақысын тым болмаса 20 мыңға дейін көтеру керек немесе елордалық студенттерге «астаналық» деген статус беру қажет деп ойлаймын. Үздіктердің үздігі, жүзден жүйріктер ғана оқитын ЖОО - ның студенттері үшін 15-17 мың теңге дегенің мүлдем аз. Ал егер осы сияқты бағдарлама қабылданып, білім алушыларды ынталандырып отырсақ, шәкірт мектеп кезінен ұлттық университетке түсуге дайындалады, ұмтылыс пайда болады. Студенттің материалдық жағдайы төмен болса, қарапайым университеттермен шәкіртақысы тең болса, ешқандай айырмашылығы болмаса несіне «ұлттық» деп статус беріп  мақтанамыз?

Айжан ҚАСЫМОВА

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің студенті

 

http://halyksozi.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.