Бейжіңде «Қазақ мәдениеті» атты көрме өтті

Наурыз мерекесіне орай Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінде «Қазақ мәдениеті» атты көрме өтті.

Қытайдағы 56 ұлттың тәлімгерлерін тәрбиелеп отырған жоғары оқу орнындағы Қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің студенттері аталған шараның өтуіне мұрындық болды. Бұл туралы BAQ.KZ Қытайдың «Халық» ақпараттық сайтына сілтее жасап хабарлайды. 

Таңертең жігіттер жағы әп-сәтте қазақ киіз үйінің керегесін кең жайып, шаңырағын көтерсе, қыздар үйдің ішін жайнатып үлгерді,- деп жазады журналист. Ата көріп оқ жонып, ана көріп тон пішкен, тебінінен тектілігін танытып тұратын елгезек студенттер қазағымыздың дала мәдениетін Бейжің шаһарындағы әр ұлт халқына паш етті.

Көрмеге қойылған бұйымдардың барлығын студенттер өздері жинапты. Киіз үй ішіне орналастырылған сырмақ, түскиіз, оюланған көрпеше, жастық, ұлттық киімдер мен ұлттық музыка аспаптары, ер жігіттің бес қаруы көздің жауын алып, сахараның төріне тігілген қазақтың алты қанат ақ ордасын елестетті.

Орталық ұлттар университеті Музыка институтында білім алып жатқан қазақтың қара көздері ұлттық киімдерін киіп, музыка аспаптарын көтеріп, бейне бағзының сел-серілеріндей салтанат құрып, «қара қостың» төрінде қоңыр домбыраның шанағынан күй төгіп, қобыздың мұңлы әуені мен сыбызғының сырлы үнін тоғыстырып қазақ әндерін әуелетіп шырқады.

Орталық ұлттар университеті Қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің құрылғандығының 60 жылдығына да орайластырылып өткізілген көрмеге ұстаздардың еңбектерімен қоса студенттер шығаратын «Ақ бесік» журналының барлық сандары да қойылды.

БЕЙЖІҢ. 25 наурыз ҚазАқпарат

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.