Қазақстан студенттері 1600-ден астам бос білім грантына ие болды (+видео)

2012-2013 оқу жылының екінші семестрінде 1668 студент грант бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Фатима Жақыпова ortcom.kz сайтына берген сұхбатында.

«Бос білім гранттарын тағайындау конкурсына жалпы есеппен 5 мыңнан астам студент қатысты және конкурстың қорытындысы бойынша білім министрінің бұйрығына сәйкес 1668 грант тағайындалды», - деп атап көрсетті Фатима Жақыпова өз сөзінде.

Іріктеу процедурасына сәйкес, грант бойынша білім алғысы келетін студенттер жоғары оқу орындарында өтініш берді. Құжаттар алдымен ғылыми кеңестерде қаралып, одан кейін нақты шешім қабылдау үшін ең лайықты деген студенттердің құжаттары Білім және ғылым министрлігіне жолданды.

«Жоғары оқу орындарындағы ғылыми кеңестердің құрамына студенттер де кіреді. Сондықтан да конкурс процедурасы объективті болды. Үміткерлердің құжаттары Білім және ғылым министрлігінің қарауына түскен соң, мұнда біз құжаттардың қойылып отырған талаптарға сәйкестігін тағы бір рет тексереміз», - деп атап көрсетті Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.

Одан кейін ведомство құжаттарды мамандықтар бөлінісі, оқу формалары мен мерзімдері бойынша қарап шығады да, оң шешім қабылданған жағдайда, білім грантын тағайындау туралы бұйрық шығарады.

Фатима Жақыпованың айтуынша, мемлекеттік білім грантына ие болған студенттер стипендия және каникулда ауылдарына барып-келуге кететін жолақылары үшін қосымша өтемақы алатын болады.

«Бұл оқу барысында үлгерім бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен студенттерге көрсетілген үлкен қолдау деп санаймыз. Оған қоса, іріктеу кезінде олардың қоғамдық белсенділіктері мен әлеуметтік жағдайлары да ескерілді», -деді Ф.Жақыпова өз сөзінде.

Білім министрлігі өкілінің хабарлауынша, жалпы республика бойынша 360 жуық студент күндізгі бөлімде оқиды, оның ішінде былтырғы гранттар саны 34 314 мыңды құраған. Негізінен техникалық, медициналық, педагогикалық, жаратылыстану-ғылыми мамандықтарға басымдық берілді. «Бұл мамандықтардың барлығы елімізді үдемелі индустриялық дамыту басымдықтарымен мазмұндалып отыр», - деп түйіндеді өз сөзін ол.

 

Дереккөз: ҚазАқпарат / Марлан Жиембай

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.