Қазақстан тарихы оқулықтары қалай жазылуы керек?! - Б.Аяған

Кеңестік дәуірде халқымыздың тарихын шынайы зерделеуге мүмкіндік болмады. Саяси бұрмалаулардың, тарихтың өңін айналдыра жазудың салдарларын бүгінгі буын әлі күнге дейін татып жатыр. Алайда Отан тарихын мектеп курсында оқытудың мән-мағынасына көңіл бөлінбей келеді деп айтуға болмайды. Өткенімізді түгендеп, өшкенімізді жаңғыртуда қыруар істер атқарылуда.

Қазақстан тарихы оқулықтары қалай жазылуы керек?! - Б.Аяған

Әсіресе қазіргі заман талаптарына сай және жаңа сын-көзқараспен жазылған дәйекті мектеп оқулықтары шығарылуда. Дегенмен оқулықтарда бірізділік болу үшін бүгінгі таңда ортақ жүйе жасалғаны дұрыс. Жоғары талаптар да белгіленуі тиіс. Осы мақсат жолында Мемлекет тарихы институты бастаған отандық тарихшы-ғалымдар үлкен жұмысты бастап кетті.

Жалпы орта білім беретін мектептерге арналған тәуелсіз Қазақстан тарихы оқулықтары қалай жазылуы керек? Осы бағытта қандай жұмыстар жасалуда?

Осы сауалдарды біз Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркіт Аяған мырзаға қойып, сұхбаттасқан едік.

- Жақында Сіздер Институт қабырғасында мектеп пен колледждердегі Қазақстан тарихы оқулықтарының жағдайына қатысты жиын өткізіп, бірқатар қазақстандық тарихшылар арасында талқылаулар үйымдастырдыңыздар. Осы шара барысында нақты қандай мәселе көтердіңіздер? Оқулықтар қаңдай болу керек деген келелі бір шешімге келдіңіздер ме?

- Аталмыш «дөңгелек үстелдің» басты мақсаты орта мектеп пен колледждердегі үлгілік бағдарламалар мен оқулықтарға талдау жасау болды. Ол үшін біздің институт өз араларында ашық пікірталасқа түскен оқытушылар мен оқушыларды арнайы шақырды. Жақын уақыттарда ҰБТ сынақтары басталады және біз үшін қазіргі оқулықтар бүгінгі заман талаптарына қаншалықты жауап беретіні жөнінде олардың сын-ескертпелерін есту маңызды болды. Сонымен бірге бұл жиынға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен профессор Зиябек Қабылдинов пен Еуразия гуманитарлық институтынан профессоры, тамаша методист Бауыржан Сәрсекеев сынды оқулық авторларын да шақырдық. Осылайша біз оқушылар мен оқытушылардың пікірін біліп, өзіміздің методикалық ұстанымдарымызды түсіндіруге мүмкіндік алдық. Жалпы біздің басты мақсатымыз - бағзы дәуірлерден басталған бүтін бір Қазақстан тарихының өзіндік қағидаларын және тұжырымдамалық негіздерін дайындау. Ғылымда әрқашан пікірталастар болып тұрады. Дегенмен қоғам басымдықтарды нақты айқындап алуы шарт. Мәселен, тарихи оқиғалар мен олардың уақыты бойынша. Оған қоса, тарихта әділ және әділетсіз, басқыншылық және басқыншылық емес соғыстар деген сынды ұғымдар бар. Міне, осындай методикалық ұстанымдар ғылыми еңбектерде нақты көрініс табуы қажет.

- Ресейде бірыңғай тарих оқулығын шығару жөніндегі идеясына қалай қарайсыз? Қазақстанда сондай оқулықтың пайда болуы мүмкін бе?

- Менің пікірімше, ресейлік тарихшылар қате қадам жасауы мүмкін. Бір жағынан оларда бір күрделі мәселе бар. Әрбір университет, федералды округ, Ресей құрамына кіретін әрбір республика бас-басына жеке оқулықтар шығарып, тарихи оқиғаларды өздігінше түсіндіреді. Соған орай, оқулық басуда олар «федералды» жол таңдап отыр.

Қазақстан алдында бірыңғай оқулық шығару проблемасы тұрған жоқ. Бізде бұл жөнінде 1990 жылдың өзінде шешім қабылданған. Қазақстанда балама оқулықтардың сан-мыңдаған түрлері бар. Әр сыныптардағы оқулықтарға өзге автор ұжымдары шығарған балама оқулықтар шығарылуда.

Біздің алдымызда тұрған ең өзекті мәселе - тарихтағы барлық даулы мәселелерге нүкте қоятын қағидалы, тұтас шығарма, тұжырымдамалық еңбек, базалық құжат дайындау.

- Аталған тұжырымдамалық құжатты дайындау жұмысы қашан басталады және ол қаншалықты қажет бізге?

- Құжат, сөз жоқ, ұжымдық еңбек болады және оны дайындау бірнеше айларға созылады. Оған еліміздің барлық ғылыми институттары, мемлекетімізде қызмет істейтін барлық университеттердің Қазақстан тарихы кафедраларының жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысады. Сонымен қатар міндетті түрде бір емес, бірнеше нұсқалары жасалып, олар БАҚ беттерінде жарияланады. Біз оның жалпыхалықтық болғанын қалаймыз. Сосын күзде Қазақстан тарихшыларының конгресінде аталған құжатты негізге алу туралы шешім қаралады. Құжат бірінші кезекте орта мектеп ұстаздары мен оқушыларына қажет. Себебі, бір оқиға бірнеше көзқараспен түсіндірілмеуі тиіс. Талқылау барысында түрлі пікірталастар орын алуы мүмкін. Ол кәсіби мамандар мен ғалымдар арасында әр кезде де болып тұратын жағдай. Бірақ орта білім беру жүйесінде нақты өлшемдер, базалық ұстанымдар болуы керек.

- Оқулықтардың мазмұнына өзгерістер енгізіледі ме?

- Қазақстан тарихы оқулықтары жүйелі құрылған және барлық талаптарға сай жауап береді. Сіздер білесіздер, оқулықтарға қатысты қоғам арасында бірқатар сындар айтылып жүр. Ол сын қарап отырсақ, негізінен тарихи даталардағы айырмашылыққа қатысты. Ал жалпы оның тұжырымдамасына, белгілі бір тарихи оқиғаларды жариялауда, оқулықтардың негізі сынға ұшыраған емес. Тарихта уақыт, даталардан немесе сандардан қате кетіп жатады. Мысалы, 15 ғасырдың 50-60 жылдары құрылған Қазақ хандығын алайық. Мұхаммед Хайдар Дулати бұл оқиға 1456 жылы орын алды десе, ортағасырдың тағы бір тарихшысы хандық одан ертеректе құрылғандығын айтады. Осылайша бұл мәселе бойынша 3-4 нұсқа бар. Былай қарасақ, бұл оқиға кеше орын алған жоқ және оның уақытын дөп басып айту қиын. Сондықтан ғылыми ортада бірнеше көзқарас қалыптасқан, оның әрқайсысын да ескеруге тиістіміз. Жоғарыда атап өткен бірыңғай базалық құжат дәл осындай жағдайларды бір ізге салып, ортақ даталарды белгілеуі шарт. Оқушыларды шатастырып, жаңылыстырғанша, нақты бір мерзіміндерге тоқталғанымыз жөн. Ал аталған бағыт бойынша, ғалымдар әрі қарай өз зерттеулерін тереңдете берсін, жаңа мұрағаттық құжаттарды тауып, археологиялық жаңалықтарды ашсын, жаңа ғылыми еңбектер шығарсын, пікірталас жасасын, бұл бөлек мәселе. Дәл осы сияқты ГУЛАГ-та қамалған адамдардың санына қатысты деректерді де мысалға келтіруге болады. Олардың саны кейбір еңбектерде 4 миллион делінсе, кейбір зерттеулерде 17 миллионға дейін деп көрсетілген. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің саны да әлі күнге дейін ешкім нақты айтқан емес. 1945 жылы Сталин 7 миллион деген сандарды келтірсе, бірнеше жылдардан кейін Хрущев АҚШ президенті Эйзенхауэрмен кездесуінде 12 миллион екендігін жария етті. Ал 1991 жылы Кеңес Одағының Қорғаныс министрлігі 28 миллион азамат қайтыс болғанын хабарлады. Мәліметтердің ауытқу шегі 7 миллионнан 28 миллионға дейін жетіп отыр. Неміс ғалымы М.Хайнес сынды шетел ғалымдары тіпті 40 млн. адам қырылғанын айтуда. Тарихта дөп басып айтуға болмайтын даталар немесе сандар бар. Бұл жуырда ғана болған тарих. Мен нақты мерзім мен сандарды атап, дүрсе қоя беретін тарихшыларды ешқашан қолдаған емеспін. Қазақстанда қарама-қайшы көзқарастар, тұжырымдамалар жоқ. Біз толеранттылықты ұстанамыз. Жалпы оқулықтардың кез келген авторы ғалым ғана емес, адамгершілігі жоғары азамат болуы шарт.

- Әңгімеңізге рахмет!

Жасұлан Жолдыбаев

http://inform.kz

  • Ілмектер:

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.