«Вебометрия – университеттерді рейтингіге енгізудің мүмкіншіліктері» атты халықаралық семинар өтуде

2011 жылдың 21-22 қараша күндері аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Вебометрия – университеттерді реитингіге енгізудің мүмкіншіліктері» атты халықаралық семинар өтуде. Аталмыш семинар Қазақстанда алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Оған Испания (Мадрид) Ғылыми зерттеулер жоғары кеңесі (CSIC) жанындағы халықаралық рейтингтік Webometrics Ranking of World Universities агенттігінің өкілдері, Қазақстандағы ЖОО басшылары мен қызметкерлері қатысуда. Рейтингтің басты мақсаттары - зертханалардағы жаңалықтардың ашықтығын қолдау, веб-қолданушыларды ғылыми жарияланымдармен қамтамасыз ету, зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне қолжетімділік жағдай туғызу.

Семинардың ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры, профессор Мұқамбетқали Бүркітбаев сөз алды. Ол ғылыми форумның мақсаттарына тоқтала келе, қазақстандық жоғары білім ордаларының алға жылжу барысында білім беру кеңістігінде бәсекеге түсе алатын деңгейге шығу керектігін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар семинарға арнайы шақырылған Вебометрикс жобасының авторы, Халықаралық рейтингтік агенттігі Webometrics Ranking of World Universities (CSIC, Испания) Жоғары ғылыми кеңесіне қарасты Киберметрикс зерттеу лабораториясы тобының жетекшісі Исидро Агийо мырза «Веб рейтинг: Қазақстан университеттеріне әлемдік стратегия» бойынша баяндама жасады. Семинар барысында И. Агийо Вебометрикс ғаламдық жобасының тұсаукесерін жүргізді. Және ЖОО-ның әлемдік нәтижелерiмен таныстыра келе, Қазақстан ЖОО мен рейтингтік агенттіктер арасындағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту керектігі жайлы сөз етті.

Жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингісі бойынша шетел тәжірибелері мынадай басты бағыттары аясында қарастырылды: Вебометрикстің мазмұны, пәннің жалпылама түсініктемесі, іздеу сайтынан Web-индикаторларын табудың жолдары, Web-құрамдық индикаторларын құру және қолданбалы Вебометрикс. Мұнымен қоса, іздеу сайттарында академиялық веб парақтарының орналасуы, «Google» іздеу сайтында орналасуының негізгі параметрлері, негізгі қателіктер мен үздік әдістері және сайтқа кіруді тіркеу мәселелеріталқыланды.Сондай-ақ, виртуалды кеңістікке ЖОО-ның қатысуы, интернет-аудитория: дизайн және университеттік сайттың рейтингі сияқты тақырыптар қозғалды.

Еске сала кетейік, 2010 жылдың шілдесінде Webometrics рейтингісінде әлемнің 12 мың университеті назарға алынды, бұл қатарға Қазақстаннан 24 жоғары оқу орны ғана ілінген болатын. Халықаралық семинар арқылы Астана, Алматы, Орал, Павлодар, Қарағанды және т.б. қалаларынан келген қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері Вебометрикс рейтингісіне қатысты кәсіби кеңестер мен ұсыныстарды тыңдап қана қоймай, оны жүзеге асыру жолдарын дамытуды қарастырды.

Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификат табыс етілді. 

  • Ілмектер:

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.