ЕҰУ-де «Бәрі де 1-курс үшін» атты онкүндік шара аясында ректор кубогына «Encounter» жастар ойыны, волейболдан жарыс және пікірсайыс өтті

30-31 қазанда «Жеті жарғы» пікірсайыс клубы «Сенім» кәсіподағымен бірлесе отырып, ректор кубогына қалалық пікірсайыс өткізді. Жарысқа Астана қаласындағы жетекші жоғарғы оқу орындарының студенттерінен құралған 20 команда бақ сынасты.

Жарыста университетіміздегі және қоғамдағы өзекті деген жеті тақырып қарастырылып, қызу талқыға түсті. Тартысты пікірсайыста 1-орынды «Пассионар» (Жеті жарғы), 2-орынды «ДДД»(Оратор), 3-орынды «Макентос» (Жетіжарғы) иемденді. Үздік спикерлер – Тұрсынов Бақытжан, Ендібай Мағжан, Әби Сәбила, Хаштаева Ардақ, Амангелді Нұртілеу, Аңламас Маржан, Даулеткереева Таңшолпан сынды пікірсайысшылар университет ректоры атынан дипломдармен марапатталды. Марапаттау рәсімін Заң факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Пірімбетов Дәурен және «Жеті жарғы» пікірсайыс клубының төрағасы, қазіргі кезде университеттің барлық клубтарын біріктіретін «ЕҰУ клубтар қоғамдастығының» төрағасы Абдуалиев Ерназар өткізді.

Шара аясында сондай-ақ, 29 қазан күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері мен магистранттарының «Сенім» кәсіподағының ұйытқы болуымен ректор кубогына «ENCOUNTER» жастар ойыны өтті. «ENCOUNTER» - «айқас», «күтпеген жәйт», «кездейсоқ кездесу» деген мағынаны білдіреді.Ойынның мақсаты – білім ордасымен танысу, оның ішінде барлық оқу ғимаратымен, студенттік үйлермен, кітапханалармен, сондай-ақ, студенттер арасында достастық орнату. Бұл ойын түрі оқу ордамыздың қабырғасында дәстүрлі түрде өтіп келеді. Қатысушыларымыз үшін университет қалашығы әуесқойлық көзқарас алаңына айналып қана қоймай, жеңімпаз атануды көздеген студенттеріміз ойын шартына сәйкес, тапсырмаларды орындауға білек сыбана кірісті. Осылардың бәрін ескере отырып, қызықты да тартысты ойынға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озып шыққан ЕҰУ факультеттерінің 1 курс студенттерінен құралған үздік 5 командалары атсалысты. Ойын барысында бірнеше тапсырмалар берілді. Көбінесе ойлау қабілетке негізделген ойында ғимарат атаулары шифрланған түрде жазылып, берілген уақыт аралығында шапшаңдық танытып табу көзделді. Қатысушылар өздерімен бірге фотоаппарат, ұялы телефондарын және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ кампусының картасын алған болатын.

DSC00496

Марапаттау рәсімі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Шабыт» залында өтті. 1-орынды ИҚФ-тің «Кірпіштер» командасы, 2-орынды ЭФ-тің «Манчестер» командасы және 3-орынды ӘҒФ-тің «Ливерпуль» командасы иеленді. Жеңімпаздарға жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов ректор кубогы мен марапаттау қағазын тапсырды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

DSC00498

Мұнымен қоса, «Бәрі де 1-курс үшін» онкүндік шара аясында өткен соңғы шараның бірі - ректор кубогына волейболдан жарыс. Жарысқа ФТФ, ЭФ, ИҚФ және ЖжСФ командалары қатысып, намыстарын қолдан жібермеді. Бірінші айналымда ЖжСФ пен ФТФ командалары жеңіліп, 3-орынға талас жүрді. Ал 1-орынға ЭФ пен ИҚФ арасында жарыс тіптен қыза түсті. Сөйтіп, командалар арасынан топ жарып шыққан және ректор кубогына ие болған ИҚФ командасы. 2-орынды ЭФ командасы, 3-орынды ФТФ командасы ие болып, ЖжСФ командасы алғыс хатқа ие болды. Жеңімпаздарды Академиялық мәселелер департаменті директорының орынбасары Рамазан Салықжанов пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері мен магистранттарының «Сенім» кәсіподағының төрағасы Қорғанбеков Олжас марапаттады.

DSCF0084

 

  • Ілмектер:

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.