«ҚазНЕТ» өлген жоқ, ол тірі

Заңның аясында бірқатар интернет ресурстардың жұмысына тоқтау салынды. Атап айтар болсақ, танымал торрент-трекерлер «Kaztorka.org» пен «Megatorrents.org» толықтай жұмысын тоқтатса, «Nur.kz»-тің онлайн музыка тыңдау қызметі қол жетімсіз күйге түсті. Сондай-ақ, «Namba.kz»-пен «Kiwi.kz»-тің онлайн кино көру мүмкіндіктері шектелді.

Авторлық құқық туралы заң қаһарына мінісімен көптеген интернет қолданушы-лар заңға қарсы өз пікірлерін білдіре бас-тады. Аяқ астынан бас көтерген еріктілер www.savekaznet.kairr.kz сайтына өздерінің ойларын жарыса жазып жатыр. «Вконтакте» әлеуметтік желісінде «Спасем КазНет», «Сохраним КазНет» деген секілді арнайы парақшалар ашылды. Интернет қолданушыларды өре түрегелуге итермелеген заңнаманың пайдалы, зиянды жақтарын саралап көрелік. Жаңа заңның арқасында кімдердің асығы алшысынан түседі? Әлеуметтік желілерде айтылған «КазНет умер», «KazNet is Dead» деген пессимистік пиғылдар шындыққа қаншалықты жақын? Әңгімені бастамас бұрын ҚазНеттің не екендігіне тоқтала кетейікші. ҚазНет – шексіз интернет желісінің қазақстандық бөлігі. «ҚазНет» термині мына негізгі ұғымдардан тұрады:

• .kz аумағының доменді зонасының Интернет ресурстары;
• Қазақстандық провайдерлер көлемінде орналасқан басқа да аймақтық аумақ ресурстары;
• Қазақстандық тыңдаушыларға бағытталған шетелдік ресурстар;
• Қазақстандық ұйымдардың шетелдік ресурстары.

Авторлық құқық туралы заңға қарсы интернет қолданушылардың пікірін біржақты деп бағалауға толық негіз бар. Мәселен, Қазақстан аумағында қол жетімді кез келген уеб-ресурс ҚазНет болып саналады. БАҚ-тардың сайттарынан бастап, қарапайым мектеп оқушысының блогына дейін қазақ интернетінің құрамына кіреді. Яғни, қазақ интернетінің ауқымы біз ойлағаннан әлдеқайда ауқымды. Ал заңнамаға сәйкес, қарақшылық өнімдерді тарататын бірнеше торрент-трекерлер жабылып қалды екен деп, бүкіл қазақ интернетін өлдіге балауға бола ма? Әрине, жоқ!

Жоғарыда айтып өткеніміздей қазақ интернеті бірлі-екілі сайтпен шектелмейтіні хақ. Қазір қазақ интернеті даму үстінде. Көптеген жаңа сайттар дүниеге келіп, бірнеше жоба жүзеге асты. Мысалы, «Мәліметтер» танымдық сайты, «Ана мен бала» сайты, «КерекИнфо», «Айтабер» еркін блог жүйесі, «Сұрақ-Жауап» жастар сайты күнен-күнге контенттерін кеңейтіп келеді. Біз айтпаған қаншама ондаған, жүздеген сайт бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын кейбір республикалық газеттердің уеб-сайты жоқ болатын. Бүгінде, тіпті, аудандық газеттердің де сайттары жұмыс істейді. Бұлардың бәрі қазақ интернетінің дамуына ықпал етеді. Сонымен, қазақ интернеті өлді дегендердікі бос сөз екен. Олай болса, жаңа заңға қарсы интернет қолданушылардың қатары көбейіп кеткенін қалай түсінуге болады. Жаңа заңға қарсы шығушылардың наразылығын тудырған ең бірінші әрі маңызды себеп – олардың жаңағы жабылған сайттардың белді мүшелері екендігі. Яғни, бұл өздерінің күнделікті музыка тыңдап, кино көшіріп алатын сайттарының жабылып қалуына қарсылық танытып жатқандардың жанайқайы. Шындап келгенде, мұндай сайттардан контент дейтін нәрсенің ілуде біреуі ғана кездеседі. Контент бола қалған күннің өзінде орыс тілінде жазылады.

Екіншіден, жаңа заң кез келген уақытта қалаған нәрсеңізді тегін көшіріп алу мүмкіндігін шектеді. Яғни, ендігі уақытта «МузаАРТ»-тың әнін тыңдағыңыз келсе, оның жеке әнжинағын сатып алуыңызға тура келмек. Бұл – ән үшін артық ақша шығындау деген сөз. Авторлық құқықты қорғаушылардың талабына түсіністікпен қарағанымыз жөн (Егер сіздің еңбегіңізді біреу тегін пайдаланып жатса қандай күйде боласыз?).

Осы орайда анти-авторлық заң соғушылардың келтірген уәждеріне күлмеске шара жоқ. Ғаламтор төрінде Иван Хмыров деген біреу былай деп пікір білдіріпті:
«Не дорос Казахстан до такого уровня жизни населения, чтобы запрещать «Бесплатные Трекеры». Это могут поз-волить себе такие страны как Англия, США, Япония, где зарплаты обычного трудяги хватает на комфортную жизнь, и им просто «заподло» качать, когда они могут купить лицензию, не ощутив потери финансовых средств.
Купить за 2000 теньге какой-то фильм….. Да я при своей наплаканной зарплате системщика в 30 тысяч концы с концами свожу, и купить лицензию за эти бабки.. это означает неделю голодовки.

Они говорят о демократии? О суверенитете? О Независимости? Возможно она и есть в Казахстане, но только у тех кто может отчехлить, а простой народ… А что такое простой народ? Это те кто платить налоги для того, чтобы те могли отчихлять….
Трекеры да же в России не запрещены…. А кто такой Казахстан, чтобы запрещать то, что передается бесплатно из рук в руки».

Иванға және әсіреиваншылдарға айтпағымыз: «Жайлы өмірді қаласаң, нарықтың талабына бағынып, жұмысты жапырып істеуіңе тура келеді. Қолыңды сәл қимылдатып аз ақша алсаң, үйіңде джакузиге түсуді, жазда Тайваньда демалуды армандамай-ақ қойсаң болады.

Кейбіреулердің «17500 теңгеге (орташа айлық жалақы) лицензиялы зат алу «нереально» екендігі туралы пікіріне де уәжіміз бар. Айлық жалақысы 17 мың теңге адам ешқашан үйіне интернет қоспайды (Мегалайнның ең төменгі айлық ақысы 1800 теңгеге жуық. Лимитсіз интернет қолданғың келсе, «Қазақтелекомға» 4 мыңды шытырлатып санап бересің). Тағы айтарымыз, 17 мың теңге жалақысы бар адам үшін авторлық құқықтан келіп кетер ештеңе жоқ. Тура сол адам дәл қазір сіз осы мақаланы оқып отырған кезде ойлануға мұршасы болмай, қауырт жұмыс істеп жатуы кәдік.

«А кто такой Казахстан, чтобы запрещать то, что передается бесплатно из рук в руки» деп айтатындай Иван Хмыров кім өзі? Шынымды айтсам, Иванның мына пікірі менің ызамды келтірді Бар болғаны екі сайттың жұмысын тоқтатқан заңнамаға байланысты осындай пікір білдірген адам ертең ел басына күн туғанда қайда паналары белгілі болып тұр емес пе?!
Сөз соңында айтарымыз, жаңа заңның қаншалықты тиімді екендігін уақыт көрсете жатар. Ал, бірнеше торрент-трекерлердің жабылуынан ҚазНет «өліп қалмайды». Орыс тілді интернет қолданушылардың «КазНеті» соңғы демін шығаруы мүмкін, бірақ қазақ тілін маңызды санайтын «ҚАЗАҚ ИНТЕРНЕТІ» жандана бермек!

Абай Асанкелдіұлы

Нұр Астана

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.