Оралда «ТНК «Казхром» бес кездесудің бәрінде жеңіске жетті

Оралда волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХ ел чемпионаты төртінші турының ойындары мәреге жетті.

Ақ Жайықта өткен турда Хромтаудың құрамында Оралдың қос бірдей түлегі ойнайтын «ТНК «Казхром» командасы бес кездесудің бәрінде жеңіске жетіп, 13 ұпайға қол жеткізді. Ел чемпионы - «Алматы» хромтаулықтардан 2:3 есебімен ұтылғанымен, олар да 13 ұпай еншіледі. Сөйтіп төрт турдан кейін 53 ұпай жинаған «Алматы» бұрынғысынша көш бастап келеді. Ал 46 ұпаймен екінші орынға нық бекінген хромтаулықтар чемпиондық атаққа таласа алатындықтарын байқатты. Үшінші орындағы (27 ұпай) Өскеменнің «Шығысы» бұл турды өте сәтсіз өткізіп, кездесулерінің бәрінде жеңіліп қалды.  Олар «Атыраудың» 23 ұпаймен бір табан жақындауына мүмкіндік берді. Оралда өткен турда «Атырау» өз есебіне екі жеңіс жазса, Петропавлдың «Есілі» біршама сәтті өнер көрсетті. Бұлар басқаларынан жеңілсе де, «Шығыс» пен алаң иелері «Конденсатты» 3:1 есебімен тізе бүктіріп, соқыр ұпай ұстатқан жоқ. «Есіл» 17 ұпаймен бесінші орынға орнықса, оралдықтар 14 ұпаймен соңғы сатыда қалып қойды. «Конденсат» өз алаңында ойнаса да, «Шығыс» пен «Атырауды» 3:2 есебімен жеңіп, небәрі төрт ұпайға қол жеткізіп, қалған қарсыластарына қауқар таныта алмады. Команда құрамы дұрыс жасақталып, тыңғылықты дайындалмағандықтан ба, әлде қаржының жеткілікті бөлінбеуінен бе, «Конденсаттың» ойыны биылғы маусымда да қожырап тұр.

Төртінші турда «Алматыдан» халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олексий Гутор, «ТНК «Казхромнан» Антон Плетнев, «Шығыстан» халықаралық дәрежедегі спорт шебері Евгений Андреев, «Атыраудан» Александр Дергунов, «Есілден» Сергей Ембулаев, «Конденсаттан» Виталий Вориводин үздік ойыншы атанып, арнайы сыйлықтарға ие болды.

Чемпионат алты турдан кейін қорытындыланатын болады.

Дереккөз: ҚазАқпарат

  • Ілмектер:

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.