Азия чемпионатына аттанады

16 ақпанда Оңтүстік Кореяның Гуам қаласында күрес түрлері бойынша кезекті Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Сары құрлықтың барлық мықты балуандары бақ сынайтын жарыста Қазақстан құрамасы да өз өнерін ортаға салады. Күні кеше ұлттық командамыздың бас бапкерлері байрақты бәсекеде ел намысын кімдер қорғайтынын жария етті.

Грек-рим күресінен еліміздің бас командасын Мұратбек Қасымхановтың жаттықтыратыны баршаға мәлім. Оның көмекшілері қатарында әлем чемпионы Бақтияр Байсейітов пен әлемнің екі дүркін чемпионы, Афины Олимпиадасының қола жүлдегері Мкхитар Манукян сынды саңлақтар бар. Айтулы мамандар Жанкелді Әзкенов (55 келі), Ербол Қоңыратов (60 келі), Елдар Қайратов (66 келі), Әсет Әділов (74 келі), Мақсат Ережепов (84 келі), Марғұлан Әсембеков (96 келі) және Әбдімәлік Сартбаевқа (120 келі) сенім артты. Өздеріңіз байқап отырған боларсыздар, есімдері аталғандардың барлығы да еліміздегі екінші нөмірлі балуандар. Ал былтырғы Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатында үздіктер қатарына қосылып, Олимпиадада бақ сынау құрметіне ие болған Алмат Кебісбаев, Асхат Дінмұхамедов және Нұрмахан Тінәлиев Лондондағы додаға даярланып жатыр. Ал өзге мықтыларымыз көктем айында Астанада өтетін лицензиялық турнирге қатысуды көздеуде. Сол себепті ұлттық құрама бапкерлері оларды Азия чемпионатына қатысудан босатты. 
Еркін күрес шеберлерінің де жағдайы жоғарыдағыдай. Олар әлем чемпионатында төрт жолдама олжалады. Ыстамбұлда қола медальға қол жеткізген Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұмағазиев және үздік бестіктің қатарынан көрінген Әбілхакім Шәпиев пен Теймұраз Тигиевтің дәп қазір еш алаңсыз Олимпиада ойындарына даярлана берулеріне болады. Ал қалған үш салмақ дәрежесінің жолдамалары үшін лицензиялық турнирде таласуымыз қажет. Сондықтан да бас бапкер Алтай Танабаев беткеұстар шәкірттерінің денін Оңтүстік Кореяға апармайтын болды. Ол тек 74 келі салмақтағы Әбілхакім Шәпиевті ғана жарыс жолына шығаруды жөн көрді. Азия чемпионатында боз кілемде белдесетін өзге балуандар мыналар: Руслан Сексенбаев (55 келі), Фуад Мұсаев (60 келі), Мақсат Дауылбаев (66 келі), Қанат Бердыев (84 келі), Жұмағали Мамытов (96 келі) және Ержан Дүйсенбеков (120 келі). 

Әйелдер құрамасының бас бапкері Саржан Жақсыбаев үздіктердің барлығын жарыс жолына шығаруды дұрыс деп ұйғарды. Тіптен, Олимпиада жолдамасын әлдеқашан қоржынға салған Жұлдыз Ешімова (51 келі) мен Гүзель Манюроваға (72 келі) да демалыс берген жоқ. Аталған спортшылардың бөлек, Элеонора Әбутәліпова (48 келі), Айым Әбділдина (55 келі), Айжан Смағұлова (59 келі), Елена Шалыгина (63 келі) және Татьяна Захарова (67 келі) Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. 

Біздер үшін үстіміздегі жылғы ең басты жарыс, әрине, Олимпиада ойындары. Десек те Азия чемпионатының да маңызы зор. Өйткені аталмыш додада ерекше көзге түскен балуандардың біразы лицензиялық турнирлерде күш сынасу құрметіне бөленуі мүмкін. Ал ол бәсекеде бағы жанғандарға Лондонға жол ашылатына мәлім. Олай болса, Оңтүстік Кореяның Гуам қаласында біздің ұл-қыздар шеберліктің шынайы үлгісін көрсетуге тырысуы керек. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.