Forbes Қазақстан "жұлдыздарының" қайсы табысты екенін анықтады

 

Ресейдегі «бай жұлдыздар» тізімін циркач бауырлар Запашныйлар бастап тұр екен (бір жылдық табысы – 5,7 миллион доллар). Екінші орынды  Григорий Лепс иеленсе (5 миллион  доллар), сахналасы Филипп Киркоров та шансон әншісінен қалыса қоймайды. Максим Галкин мен Алла Пугачеваның табысы 4,7 және 4,5 миллион долларды құрайды. Тимур Бекмәмбетов 4 миллион, Дима Билан 3,7 миллион, Николай Басков 3,6, Валерия  3,5 және Валерий Меладзе бір жылда 3,2 миллион доллар табыс тауыпты. 

Қазақстан әншілерінің табысы байшыкештеріміздің қалтасын қағатын ресейлік әріптестерімен теңесе алмайды. «Ауылдағының аузы сасық» деп, өз әншілерімізге миллиондап ақша шашуға қимаймыз. Сондықтан қазақстандық бұлбұлдардың табысы жылына 1 млн. долларға жетпейді. Бұл туралы зерттеуді Қазақстандағы Forbes журналы жариялап отыр. Сонымен, отандық «10 қалталы әртіс» тізімі төмендегідей.
1. «МузАРТ» тобы. Вокалды-аспаптық ансамбльдің былтырғы табысы 800 мың АҚШ долларын құрады. 2011 жылы құрылғанына он жыл толған топ мерейтойын атап өткен болатын. Дегенмен басты табыс концерттен емес, тойдан түсетіні белгілі. Ел сүйіктілерін тойға шақыру үшін қалтаңызда 10 мың долларыңыз болуы шарт екен. Сонда жігіттер музыкалық сүйемелдеумен келіп, «жанды» дауыспен құлағыңыздың құрышын қандырады. «Ғашық жүрек» фильмінің екінші бөлімін түсіргенде Баян Есентаева: «Мейрамбек Беспаевқа қаламақты төлейміз деп қалтамыздан қағылдық» дегені бар. Расында, Мейрамбек 1 күндік түсірілім үшін 7000 АҚШ доллар қаламақыны қалтаға басыпты. Алайда топ әртістерінің атынан Сәкен Майғазиев: «Біз бай емеспіз, бар тапқанымызды өнерге саламыз» деп жауап береді.
2. Батырхан Шүкенов. Бұрынғы «А-студиолықтың» жылдық табысы 720 мың АҚШ долларын құрапты. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы тұңғыш «Ізгілік елшісі» былтыр тағы бір «Алтын граммофонды» қоржынға салып, «Алдар Көсе» сериалына продюсер атанғаны белгілі. 
3. Баян Есентаева. Актрисалығы, тележүргізушілігі, шамалы ғана әншілігі қаржыны күреп таппаса да, Баянның қарымды продюсерлігі бір жылда 700 мың доллар пайда әкеліпті. Оның «Ғашық жүрек» фильмі отандық прокаттағы ең табысты киножоба болып есте қалды. Ал аталған фильмнің екінші жартысы 600 мың долларға түсіріліп, 1 млн.-ға жуық табыс тапты.
4. «Наша Казаша» жобасы да 700 мың доллармен үшінші орынға жайғасыпты. Қазақты қанша масқаралап жатса да, «ауылбайлықтарға» әбден күлетін шалақазақтар жігіттерді нәпақасыз қалдырмапты.
5. Ділназ Ахмадиева. Былтыр тұрмысқа шыққан Ділназ ханымның табысы 370 мың АҚШ доллары дегенде, расы керек, таңырқап қалдық. Өйткені марқұм Мұрат Насыровтан кейінгі «ұйғырдың бас әншісі» болып отырған «шығыс сұлуын» телеарналар мен концерттерден жиі көрмейтін болдық. Бір кездегідей «золотойлап» дүрілдеп тұрмағанын да байқаған сияқты едік.
6. Роза Рымбаева. «Қазақ сахнасының примадоннасы» атанған Роза Рымбаева Баян мен Ділназ сияқты сіңлілеріндей әбжіл болмай шықты. Талантты әншіміздің табысы 350 мың доллар. Роза Рымбаеваны тойға шақырам деп тыраштансаңыз 7-8 мың долларды алдын-ала дайындап қоюға міндеттісіз. 
7. Мәдина Сәдуақасова. Былтыр «Ақ Азиаданың» ашылуында (қанша қаламақы алғаны белгісіз) елді ұлардай шулатып, біраз сынға ұшыраған «тартымды әншінің» жылдық табысы 300 мың АҚШ долларына жетіпті. Алайда жақын арада тұрмыс құрмақ ниеттегі бикеш көзге көрінетіндей ештеңе сатып алмағанын, тапқан табысын сахналық киімдеріне жұмсайтынын айтады.
8. «FM» тобының жылдық табысы да Мәдинадан қалыспайды. Қазақстандық «ВиаГРА» атанған үш қыз 300 мың доллар тауыпты дейді. Кім білсін.
9. Мақпал Исабекова. «Тұз сатудан гөрі бизнес-жоба ретінде Мақпал Исабекова тиімді» деген продюсер Ерік Тастембековтің «алтын дауысты» жобасы бір жылда 250 мың АҚШ долларын тауыпты. Әншінің бір әні 571 доллар тұрады екен. Қызымыз 7 ән орындаса, 4 мың долларыңызды қағып кетеді. 
10. Әсел Сағатова. Былтыр келін атанған актрисаның (және модель) жылдық табысы 97 мың АҚШ долларын құрапты. 
«Форбс» тізіміне Қыдырәлі Болманов бастаған «Ұлытау» тобының қалай кірмей қалғанына таңырқадық. Жеке кәсіпкер ретінде доңғалағы «зыр жүгіріп» тұрған Нұрлан Абдуллин, Ерлан Көкеев, Бүркіт сияқты «пысық» жұлдыздардың да «табысын жасырып» қалғаны таңқалдырмай қойған жоқ. Қалай болғанда да, журнал жариялаған тізім тек тойдан түскен табысқа негізделіпті. Өйткені Қазақстанда концерт қойып байып кеткен әртісті көргеміз жоқ. Күйтабағын сатып байлыққа кенеліп жатқан әнші де тарихта болған емес. Сол себепті әншінің жылдық табысын шотқа салып жіберіп есебін шығару да оңай шаруа емес.
Десе де, қазақстандық шоу-той бизнестегі әншілерді үш деңгейге бөліп жүр. Бірінші деңгейдегі жұлдыздарға «МузАРТ», «Ұлытау», Батырхан Шүкенов, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Абдуллин, «Орда» тобы, Тоқтар Серіков (өзі 5 мың долларға келісетін Тоқтар тағы 2 мың қоссаңыз, Бейбітті де ерте келетінін ескертеді) сияқты «акулалар» жатады. Бұл – жарты сағаттық өнері үшін 5000–10000 доллар сұрайтын орындаушылар.
Орта деңгейдегі әншілерге Бейбіт Қорған, Мақпал Исабекова, Қайрат Түнтеков, Айқын, Ділназ Ахмадиева, "Лидо", "Тринидад", Парвиз Назаровтар 3000–5000 доллар сұрайды.
«Эконом-классқа» Мәдина Сәдуақасова (2 мың доллар), Қайрат Нұртас (1-2 мың доллар), Меруерт Түсіпбаева, Сырым Исабаев (1 мың доллар), "Кешью", Алмас Кішкенбаев, "Текила", "Арнау", «Бәйтерек» тобы (1,5 мың доллар), Маржан Арапбаева, Досымжан Таңатаров (800 доллар) сияқты орындаушылар жатады. Олар жарты сағаттық өнеріне 500–3000 доллар талап етеді.
Жалпы, шет елмен салыстырғанда бұл айтарлықтай көрсеткіш емес. Шетелдік әртістер үшін «ставка» деген ұғым таңсық болмаса, қарға тамырлы қазақта «таныс-тамыр, дос-жаран» деген бастан асады. Сол себепті әншілеріміз айтылған сомадан анағұрлым аз бағаға да келісіп жатады. 
Ал «Қазақстандағы ең бай әртістердің кім екенін» шындап зерттесе, мүлдем басқа тізім шығуы да ғажап емес. Бәрінен бұрын, аталған тізімді қазақы менталитеттегі «МузАРТ»-тың бастап тұрғаны көңіл көншітеді. Осыдан бес жыл бұрын қазақша ғана ән салатын әншінің көш бастауы мүмкін еместей көрінетін. Қазақы тыңдарманның есепке алына бастағаны да. Кеш те болса, құтты болсын.
Д.Мәкежан

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.