«Астана» әжетханада тұрмайды
Бұған дейін оқырман қауым көкшетаулықтардың әжетхана қағазының бас қаламен бірдей аталғанына наразылық танытқан еді.
Астанаға газ келмесе не болар еді? Қиын емес-ау, одан да зоры тығырыққа тірері анық. Қазірдің өзінде, тынық күндері, қала екі иығынан әрең дем алып, қара түнек еңсені басып тұрады. Қала да тіршілік иесіндей ғой. Одан әрі тұрғындарына не жорық? Кейбіреулері: «Бұл не, өзі? Алматыдан бетер тұншықтырып!» – деп амалсыздан ұнжырғасын түсіреді, мысы басылады.
Әсіресе, қыс маусымында Астана түтінге тұншығып кетеді. Ана шеті мен мына шетіне көз тоқтарлықтай шағын қаланың үсті бейне бір қара шатырмен көлегейленгендей болып, қашан жел үрлеп әкеткенше әлгі қою ысты тұман ыдырамай, көкіректі қауып тұрады. Небары 700 мыңнан астам халық мекендейтін бұл шаһардың бас-аяғы он төрт жылдың ішінде осындай күйбең тірлікке пәстеніп қалғанын қалай түсінуге болады? Кешірілмейтіндей келеңсіздік емес пе? Қолдан келер не қайыр бар? Соңғы кездері тұрғындардың осылайша абдырап қалғаны рас. Түйін шешімі кімнен болмақ?
Қала әкімдігіне де ұсыныс-тілектер қардай жауа бастаған. Астана аспаны экологиялық жағынан кіршіксіз, таза болуы тиіс деген талаптар да тікесінен қойылып жүр. Орынды жаңғырық. Әлемді сәулетімен сұқтандыра бастаған Астана түтінмен, улы газбен кір-қожалақтанса, осы дәрменсіздікті ешқандай дәлелмен ақтай алмас едік қой. Мұны қала әкімдігі де түсінеді. Тырбанып жатыр. Ауа ластануының себеп-салдарын да жетік біледі. Мысалы, қаладағы №2 ЖЭО тұрбасының биіктігі 180 метр. Осыдан будақтаған лас түтін 9-10 шақырымға әуелей тарамдалып, жайылып кетеді. Яғни, қала ауасына онша залалын тигізбейді. Ал қаншама ұсақ қазандықтар бар. Оған қаланы маңайлай салынған быжынаған мұржалы үйлердің «сыбағасын» қосыңыз. Көз аштырмай, қолқаны қабатын көк түтін де, көмірдің лас күл ұшпалары да осы төңіректен шудаланып, бүкіл қаланың өкпесін улап жатады. Тіпті сырт түгілі, үй іші де сасық иістен жүрек айнытады. Ащы шындық!
Қаладағы ЖЭО-лар тәулігіне мыңдаған тонна көмір «жұтып» қойғасын, қандай таза ауа туралы әңгіме қозғауға болар еді? Оның үстіне жалпы ластанудың 57 пайыз еншісі құжынаған 350 мыңдай автокөлікке тиесілі екен.
Сонымен, безбеннің екі жағын екі мәселе ауырлатып тұр. Көмірді тиясыз ба, әлде көлікті тиясыз ба? Қай-қайсы да өміршең тұтынымдар. Қажеттіліктен мүлде тежеп, шорт кесіп тастауға болмайды. Біртіндеп, берекелі шешімдер жасалуы тиіс деген дәмеге ғана жығыламыз да.
Әр нәрсе сәтімен екен. Міне, түбірлі шешім жасалатын кез туыпты. Елбасының халыққа биылғы Жолдауы әлгіндей көкейдегі қордаланған мәселелерді күйттеп шешіп, орайымен орнықтыруға зор үміттендіріп отыр. Астанаға газ келеді! Сүйінші, елордалықтар! Жолдау жолдарына жүгінейік: «Үкіметке елдің, Астананы қоса алғанда, орталық өңірін газдандыруды қамтамасыз ететін құбырлы өткізгіш жүйесін жоспарлап, жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын». Елбасы талабы осындай!
Міне, Жолдаудың ерекше сипаттап айтқанда, Астананы газбен жарылқайтын жасампаз жолдары, үмітті өмілдіріктері. Аңсарлы істің астары мен тысы сәтті қабысып, сапалы нәтиже бергей.
Жолдауға кіретін қандай жоба болсын, алдын ала екшеліп, жіті зерттеліп, мұқият ықтиятталады емес пе? Осы реттен келгенде, Астананы газбен жабдықтау жайы да оңай шағылатын жаңғақ еместігіне көз жете түскен. Алдымен, табиғи газға бекем бел буылған-тын. Қарағанды көмірінен жаңа технология бойынша газ өндірісін қалыптастыру жағы да қаперге алынған. «КазТрансГаз» акционерлік қоғамының мамандары Ресейдің Кемеров облысына арнайы атбасын бұрып, көмірден газ алудағы Ресей-Қытай жобасын зерделеп қайтты. Осы технологияның атасы атанған Германияға да барып, жаңа әдістің жай-жапсары дәйектелген еді. Сондай-ақ Алматы облысындағы ірі қоңыр көмір қорының базасы негізінде газ өндіру жағы да ойластырылған болатын.
Әрине, күрделі істі осылайша әрқалай жолмен жан-жақты екшемейінше, оңды нәтижеге қол жетпесін сезінген мамандар мына бір амалға да баса назар аударған бастапқыда. Солтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы Тюмень-Астана бағыты бойынша газ құбырын тартуды ойластырып еді, мұның бағасы Ресей рыногының конъюнктурасына тәуелді екендігі ескеріліп, ақыр соңында «Тобыл – Көкшетау– Астана» бағыты таңдап алынды. Бұл құбырмен де Ресей газы тасымалданады. Бірақ бір тиімдісі, көрші мемлекеттің баға ауытқуынан онша зардап шегілмейді. Сөйтіп, осы соңғы жобаға басымдық беріліп, іске кірісу көзделді. Техникалық-экономикалық негіздеме осы жылдың үшінші тоқсанында толық тәмамдалысымен, дереу қауырт қимылға көшпек. Оның жалпы құны 3,5 млрд. доллар. Тағы бір тиімді жағы Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше аудандары, атап айтқанда, 360 елді мекені жол-жөнекей газбен жабдықталатын болады. Бурабай курортты аймағының да газдан көзі ашылмақ.
«Тобыл – Көкшетау – Астана» бағытының көзделген түпкі бағыты – Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ газ қазба байлығының мол қорынан көгілдір отынды тарту болып есептелетіндіктен, дәмелі көңілдің діттегені де байыпты жүзеге асырылатынына сенім бар.
Газға деген Астана қаласының сұранысы да есептеліп қойылды. Үш ЖЭО-ға қажет 600 миллион текше метр газбен қоса, тұрмыстық игілікті өтейтін 500 миллион текше метр газ, барлығы 1 миллиард 100 миллион текше метр көгілдір отын 2013 жылдың аяғына қарай елорда мұқтажын өтейтін болады. Бүгіндері қаладағы №1 ЖЭО-ны толық газға көшіру, ал қалған екеуін отынның газ және көмір түрімен жабдықтау құрылғыларын ыңғайластыру жағы қолға алынып жатыр.
Сонымен, Астанаға газ келеді! Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің өскен өркенінің құндызды белгісі болар ірі жетістік!
Қайсар ӘЛІМ,
Астана.
Пікірлер (0)