ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов: «Отандық ғылым жаңа, батыл көзқарастарға бағытталуы тиіс»

ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов мәжіліс барысында 2012 жылы 16 ақпанда өткен ҚР БҒМ ғылыми алқа отырысындағы «Ғылым мен инновацияны дамытуда Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы» жөнінде министр Б.Жұмағұловтың баяндамасына жан-жақты тоқталып, сол бойынша оқу ордамыздың оқытушы- профессорлар құрамының, ғылыми институттар, орталықтар, ғылыми-зерттеу зертханаларының басшыларына, факультет декандары, кафедра меңгерушілері алдына жаңа міндеттер мен тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, Ерлан Бәтташұлы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы мен 2011жылғы желтоқсанда өткен ғылыми форумда іргелі ғылымды жаһандық дәрежеде зерттеуге ден қою керектігін айта келе, Tomson Reuters және Scopus бойынша республикада 300 жұмыстың жарық көргенін, оның ішінде ЕҰУ бойынша 2011 жылы 78 жұмыстың жарияланғанына тоқталды. Ал өткен жыл бойынша 46 ғалымның 28-і 50 МРП бойынша, 10-ы 100 МРП бойынша, 8-і 200 МРП бойынша сыйақы алғанын мәлім етті.

«Өткен жылдың желтоқсан айында Елбасымыз ғылыми мекемелердің жұмысына тексеріс жүргізуге тапсырма берген болатын. Жуырда ҒЗИ, Ұлттық және инженерлік зертханаларға тексеріс жүргізудің тетігі, белгілері мен жоспары жасалатын болады. PhD докторларды дайындайтын университетіміз ғылымның дамуына көп көңіл бөліп келеді, біз оны инновациялық бағытқа айналдыруымыз қажет» деп санайды ректор Ерлан Сыдықов. - Ғылымның деңгейі және оған жастарды тарту - университет жұмысын бағалаудың негізгі критерийі болмақ. Ол үшін ең алдымен отандық білім беру жүйесінде шоқтығы биік ЖОО бірі Назарбаев университетін бағдар етіп алуымыз қажет және бірлесе отырып, білім беру, зерттеумен қатар дарынды жастарды жұмылдыруда кешенді жұмыс жүргізуді бастамақпыз.

Елбасы өз Жолдауында отандық ғылымға зор көңіл бөліп, болашағы зор ғылыми зерттеулерге инновациялық гранттар беру міндетін қойған болатын. ЕҰУ-дың Ғылыми-зерттеу жұмысы және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ж. Уразбаев 2012-2014 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардың ҚР БҒМ гранттық қаржыландыру бойынша байқау қорытындысын жария етті. Атап айтар болсақ, ЕҰУ профессорлары - Н. Темірғалиев 6 жоба бойынша, Р. Берсімбай 4 жоба бойынша, З. Қабылдинов 3 жоба бойынша, А.Арынғазин, Р. Омаров, М.Нұрышев және Н.Боқаев 2 жоба бойынша гранттық қаржыландыруға ие болды. Еске сала кетейік, байқауға ЕҰУ атынан 115 жоба атсалысып, оның 70 жобасы гранттық қаржыландыруды жеңіп алды. Демек, бұл тек профессорларымыздың ғылым жолындағы ізденістері мен қайнар бастаулары ғана.

Мәжіліс соңында Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы: «Елбасының қойған міндетін жүзеге асыру мақсатында ғылым бағытындағы атқарылатын жұмыстарды пысықтай келе, отандық ғылым жаңа, батыл көзқарастарға бағытталуы тиіс»,-деді. Бұл тұрғыда университет басшысы төмендегі мәселелерді шешуді жүктеді:

1.Ғылым жөніндегі проректорға, ғылым және қаржы Департаментіне, факультет декандарына, ҒЗИ, ҒО, ҒЗЛ директорларына, кафедра меңгерушілеріне бір айдың ішінде оқу-зертханаларының материалдық-техникалық базасын сапалы, заманауи технологияға сай жабдықтап, оларды жүзеге асырудың үш жылдық жоспарын жасау;

2. Ғылым жөніндегі проректорға, ғылым Департаментіне, Инновациялық парк директорына, информатика және математика кафедрасының меңгерушілеріне Жасанды Зерде, Инновациялық парк және математика институты ЖШС ашылуы бойынша ҚР Үкіметінің жобаларды жетілдіру қаулысына сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігімен тығыз жұмыс жүргізу;

3. Инновациалық парктің директоры, факультет декандары, ҒЗИ, ҒО, ҒЗЛ директорларына, кафедра меңгерушілеріне ұсынылған 46 міндет аясында, нақты экономикалық секторлармен «ҚТЖ», «КМГ», «Астана Су арнасы», «КЕГОК», «ТЭЦ-2» келісім-шарт жасап, бірігіп қызмет жасауды анықтау;

4. Ғылым жөніндегі проректорға, ғылым және қаржы Департаментіне 2012 жылдың сәуір айында ЕҰУ ғалымдарының ғылыми жетістіктеріне арналған көрме ұйымдастыру;

5. Инновациялық парктің директоры, факультет декандары, ҒЗИ, ҒО, ҒЗЛ директорларына, кафедра меңгерушілеріне оқушылар сарайында альтернативті энергетика, техникалық физика, қолданбалы химия, биотехнология, ақпараттық-коммуникативтік технология, ғарыштық зерттеу, ядролық физика, нанотехнология, математика, физика, химия, жаратылыстану ғылымдары бойынша жаңа зертханалардың жабдықтақталуын қолға алу.

7. Факультет декандары, ҒЗИ, ҒО, ҒЗЛ директорларына, кафедра меңгерушілеріне студенттерді ғылыми –зерттеу жұмысына белсенді түрде қатыстыру;

8. Аппарат жетекшісіне, проректорларға ғалымдар мен ОПҚ-ның білімін жетілдіруге, тағылымдамадан өтуге университет тарапынан шетелге жіберуде бақылауды қолға алу.  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.