ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың алғашқы авторлық ғылыми семинары өтті

Ғылымның қолданбалы сипатын дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес 2011 жылы қазан айында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Инновациялық парк құрылған болатын. Оның негізгі бағыты ғылымды өнеркәсіппен және әлеуметтік салалармен тиімді ұштастыруға негізделген. Сонымен қатар мұнда экономика саласында нақты міндеттерді шеше алатын ғылыми зерттеулерге басым бағыт берілген.

Ғылыми семинарды аша отырып, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов егеменді еліміздің өркендеуі индустрия мен инновацияға тікелей тәуелді екенін, бұл ретте инновациялық жобаларды жүзеге асыруда бірқатар жобаларды іске асыру қажеттігін тілге тиек етті.

Семинар шеңберінде Инновациялық парк директоры Владимир Михайлович Ким инновациялық жобалардың даму барысын егжей-тегжейлі түсіндіріп, қаншалықты жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды. Оның ішінде «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде энергетикалық менеджмент жүйесін енгізу» және «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазандығын дизельден альтернативті жылытуға ауыстыру» атты пилоттық жобасы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, мұндағы инновациялық ерекшелік - жылыту жүйесін бұрынғыдан да тиімді жолға ауыстыру. Жылу жүйесінде қаржылай шығынды азайту және зиянды заттардың ауаға таралуын 20-25 пайызға төмендету, жылыту агрегатының күшін кетірмеу, жылыту жүйесін басқа затпен айырбастамау. - Ұсынып отырған толқынды кавитационды диспергатор сенімділігімен және эмульсия алу жолымен ерекшеленеді. Яғни, судың температуралық диссоциациясынан көміртегі мен оттегі шығады. Бұл технология жылыту қазандықтарын мазуттан сулы-мазутты эмульсияға ауыстыруға өте пайдалы. Қазақстанда жыл сайын жылыту қазандықтары 1 миллион тонна мазут пен ондаған мың дизельдік отынды жағатынын ескерсек, ұсынылып отырған технологияны енгізуде, жылына 18-22 миллиард теңгені үнемдеуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ жыл сайын ауаға бумен таралатын газ мөлшерін 500 мың тоннаға төмендетеді»,-дейді В. Ким.

Айта кететін жәйт, дизельді отынды сулы-мазутты эмульсияға ауыстыру жобасын сатып алу мерзімі - 3 ай. Ал мазуттан сулы-мазутты эмульсияға ауыстыру – 1 жыл.

Ал экономикалық жағынан тиімді жоба - ескі көмір қазандықтарын модернизациялау немесе ауылды жерлерде орталықтандырылған когенеративті жылу энергия орталықтарын құру. Мұндай жағдайда мынандай мәселелер өз шешімін тапқан болар еді: когенерация үлесінің молаюы, экологиялық жағынан тиімді, буланған газдың таралуы азайтылып, алыс аудандарда қосымша жұмыс орындарының пайда болуы.

Ғылыми семинар соңында ғалымдар арасында жылу қазандығындағы енгізілген жаңалықтар қызу талқылаға салынып, қазандықты, жылыту жүйесіндегі жаңалықты тамашалады. Сонымен қатар оқу орда басшысы Ерлан Сыдықов алдағы уақытта ғылыми семинардың дәстүрлі түрде өтіліп тұратындығын жеткізді.   

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.