Роза Бағланованың 90 жылдық мерейтойына орай Алматыда әншілер байқауы өтеді

Алматыда ертең Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Кеңес Одағының халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың 90 жылдық мерейтойына орай жоғары оқу орындары студенттері арасында «Ақмаңдайлым» атты әншілер байқауы өтеді.

Аталмыш шараның ұйымдастырушылары – Алмалы ауданы әкімдігі, Роза Бағланова атындағы «Алтын сақа» қайырымдылық қоры және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау қазақ ән өнерінің дара тұлғасы, Кеңес Одағының халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың ғұмыр жолы мен жасаған еңбектерін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау, сонымен қатар жастардың қазақ өнеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру және жаңа тылсым идеяларын іздестіру, жастардың адамгершілік және көркемдік дамуын қалыптастыру мақсатында арнайы ұйымдастырылмақ.

Қатысушылар ән сайысында Роза Бағланованың репертуарындағы әндерді жанды дауыспен орындайтын болады. Әділқазылар алқасы шығарманың орындалу деңгейімен қатар, сахналық киім үлгісіне де мән беретін болады. Қазылар алқасының құрамына өнер саласындағы білікті мамандар кірген.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.