Малды бағудан емдеуі қиын болды

Кешелі бері Ауыл шаруашылығы министрлігі алаңдауда... Бұған себеп – еліміздің Жамбыл және Алматы облыстарында аусыл ауруының тіркелуі.

Биылғы Жаңа жылдың қарсаңында аусыл шығысқазақстандық шаруалардың есін алып еді. Енді мамыражай көктемге аяқ басқан тұста Алматы облысы бойынша ау­сыл ауруының жеті ошағы анықталып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министр­лігінде өткен брифинг барысында вете­ри­на­риялық бақылау және қадағалау комитеті төр­ағасының орынбасары Мереке Тайтубаев мырза мәлім етті.

Негізінен, Тайтубаевтың тарқатып ай­уын­ша, қауіпті мал ауруы ошағының пайда бо­луына шекаралас мемлекеттерден кон­тра­бандалық жолмен әкелінген малдар себеп болуы мүмкін.  Атап айтқанда, Жам­был облысының Қордай ауданында індет ошағының пайда болу себептерінің алдын ала мәліметі бойынша барлық ауруды жұқтырған және аусыл ауруының кли­ни­калық белгілерімен ауырған 26 бас ірі қараның контрабандалық жолмен әке­лін­гені анықталып отыр. Қазірде індет анық­талған шаруашылықта барлығы 54 бас ірі қара, 260 бас ұсақ мал, 40 бас жылқы бар. Бұл бекет аудан орталығынан 135 шақы­рым қашықтықта орналасқан. «Осыған байла­ныс­ты аудандардың бас мемлекеттік инспек­тор­ларына аусылға карантиндік режим қою туралы ұсыныс берілді. Қазақ­стан аумағында аусыл ауруының шығуын және таралуын алдын алу бойынша оңтүстік облыстардан, оның ішінде Ал­маты, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қы­зылорда облыстарынан ауруға бейім мал басын шығаруға шектеу енгізу бойын­ша қосымша шаралар қабыл­данды», – дейді Мереке Тайтубаев.

Карантиндік режим көмекке келе ме? 

Ал енді бұл карантиндік режим көмекке келе ме? Карантин енгізу арқылы аусылдың таралуын ауыздықтай аламыз ба? Маман­дардың сөзіне қарағанда, мәселені ше­шу­дің төте жолы бұл емес. Карантин енгізуден гөрі нақ қазір бізге буферлік аймақ мә­се­лесін, ауру малдың көзін сауатты жоя білу жайын шешуге басымдық берген жөн. Сарап­шылардың байыптауынша, әрбір елді мекенде буферлік орталықтар болып, індетке ілігу қаупі бар мал басы буферлік аймақтарға оқшауланғанда бүгінде нақ бұлай бас қатырып отырмас та едік. Өкі­ніш­ке қарай, бізде бұл мәселе әлі де ше­шімін таппай келеді. Осы ретте экономист-сарапшы Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЫ:

– Бізге карантиндік режимге көшкеннен гөрі буферлік аймақ жайын ойластырған жөн. Бұл карантин жариялап, өзге аймақ­пен қатынаспай, мал еті экспортына шектеу қойып, есікті тарс жауып отырғаннан әл­де­қай­да тиімді. Білікті мамандардан жасақ­тал­ған, мал ауруының жай-жапсарын анық білетін ветеринарлары бар буферлік орын­дар бізге қажет. Нақ қазір буферлік ай­мақ­тарға лайық елді мекеннің карталары да жасақталмай отыр. Мәселен, біз уақыт оз­дыр­май қай облыстың қандай ауданында буферлік аймақ жасақтау керек. Қай елді мекен ауру малды оқшаулап апарып өр­теу­ге болмаса көмуге лайық? Осының бар­лы­ғын картаға сызып көрсеткенімізде, ша­руа әлдеқайда жеңіл шешілер еді. Өкіні­штісі, бізде әрбір елді мекенде өлген мал­ды көметін орындарды салу жұмысы оң шешімін таппай отыр. Қазіргі күндері еліміздің әрбір төртінші елді мекенінде қан­дай да бір қатерлі індеттен өлген мал­дар­ды көметін орындар жоқ. Тіпті ауру мал­ды оқшаулап апарып өртеу жайы да сауат­ты шешіліп жатқан жоқ. Осындай сауат­сыз істелінген іс сау малдарға залалын тигізіп, елде эпизоотикалық жағдайдың ушы­ғуына жол беріп отыр. Міне, осы мәсе­ле­лерді шешіп алмай, карантиндік режим жа­риялағаннан еш пайда жоқ, – деді.

Заңды қайта қарау керек 

Бұған қоса, біз ветеринарлық ахуалды одан әрі ушықтырмас үшін «Ветеринария туралы» Заңды қатаңдатқанымыз абзал. Рас, аталмыш заңға былтыр күзде ғана өз­гер­тулер мен толықтырулар енгізіліп, күшіне енген болатын. Онда «Ветеринария туралы» Заңды бұзғаны үшін Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге жауап­кер­шілік енгізетін уақыт жеткені; ветеринарлық қыз­мет көрсетуге мемлекеттік монополия қажеттігі; сондай-ақ ветеринариялық стан­сы­ларды аудандық деңгейде құру керектігі тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Дегенмен бағамдасақ, заңның бір қайнауы әлі де ішінде тәрізді. Бұл жайында эконо­мист-ғалым Үсен АМАНБАЕВ:

– Заңның ба­қылау-қадағалау қызметін жүзеге асыру мәселелерінде ұстанымдылық пен қа­таңдық танытпауы құқықтық ни­ги­лиз­м­нің, парақорлықтың, вете­ринарлық құжат­тарды қолдан жасаудың белең алуына алып келді. Кейбір аудандардағы эпизо­отикалық жағдай мүлдем нашарлап кеткен. Заңдағы өзгерістерге сәйкес, «жер­гілікті атқарушы органдарда ве­те­ри­на­рия­лық қызметтер құрылады, соған бай­ла­ныс­ты әр облысқа 150-дей штат берілді. Мәселен, бұрын ауыл шаруашылығы бас­қар­масында ветерина­рия­лық қызмет жоқ еді, енді бөлек бөлім ашы­лады» делін­ген. Аудандық әкімшілікте ауыл шаруашылығы бөлімінен бөлек,  мал­дә­рігерлік бөлім жұ­мыс жасамақ. Облыс жә­не аудандардағы бө­лімдерде үш адамнан, селолық округ­терде бір-бір маман жұмыс істейтін бо­лады. Бұлар жұмыс жоспарын жасап, әр елді мекенге қаржыны бөледі, тендер өт­кі­зеді, жұмыс жүргізуді талап етеді, малды сырғалап, идентификация жүргізеді. Ал өзіңіз ойлаңызшы, осы жерде ма­ман­дар­ды міндеттеп жасақтаймыз ба, қайтеміз? Ауыл­ға сауатты ветеринарларды апару үшін не істелінуі керек? Сол туралы ештеңе ай­тыл­майды. Ауылдық округ бойынша бір ғана маманның жұмыс істеуі ақылға сый­майтын дүние. Ертең төтенше жағдай орын алса, бір ветеринардың неге шамасы келеді? Сон­дық­тан осы жердегі шикілікті қайта қарап, ауылға маман жасақ­тау бағы­тын­дағы бапқа қайта өз­геріс­тер енгізген жөн, – дейді. 

Қаржыны бақылауға алған жөн

Сөйтіп, қалай айтсақ та, ветеринария саласының «дімкәстігі» бары рас. Бұл ретте түйінделіп қалған мәселелерді шешу мақ­са­тында ел бюджетінен бөлініп жатқан қар­жы да аз емес. Былайынша айтқанда, алдағы кезеңде республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 33 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттерден 28 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылмақ. Негізінен, бөлінген қаржы ха­лықаралық эпизоо­тия­лық бюро талап­та­рына сәй­кес, ве­теринарлық-профи­лак­ти­калық шараларға тартылуы тиіс. Сол мақ­сатта мал қаны жыл сайын екі рет диаг­­нос­тикалық тексерулерден өтуі керек. Мұның үстіне, облыстар мен аудандарда қажетті құрал-жабдық­тармен жабдықтал­ған ветерина­рия­лық зертханалар болуы шарт. Әзірге бізде мұндай зертхана 11 об­лыс пен бір ауданда ғана бар. Жалпы есеп бойынша халықаралық үдеден шығу үшін үшжылдық межеде мұндай 106 зертхана салу мен оларды керекті құралдармен жаб­дықтау міндеті тұр біздің алдымызда... Ал енді бұл діттеген мақсатқа жете аламыз ба, жоқ па, ол қолға түскен қаржының тіке­лей көздеген жеріне жетуіне байланысты еке­ні даусыз. Бұл орайда мамандардың дені бұл салаға бөлініп жатқан қомақты қаржыны бақылау үшін әрбір аймақтан ком­муналдық ветерина­риялық кәсіп­орындар құру қажеттілігін баса айтуда. «Егер қаржыны бақылайтын мұндай кәсіп­орын ашылса, бөлінген қаржының сұрауы бо­лады» деседі мамандар.

Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Фото: Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.