Қазақстанның БҰҰ-ға толыққанды мүше болғанына – 20 жыл

Бүгін еліміздің әлемдегі еңбеделді ұйым – БҰҰ-ғатолыққанды мүшеболғанына – 20 жыл

БЕДЕЛ БЕЛЕСТЕРІ

1992 жылы 2 наурызда, тә­уелсіздігімізге қол жеткеніне екі жарым ай толғанда Қазақ­стан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының толық­қан­ды мүшелігіне өткенінде еліміз әлемдегі өзінің ішінде де, сыр­тын­да да ешқандай бір ке­ре­ғарлықтан, қайшылықтардан таза, қалыпты өмір кешіп жат­қан мамыражай тынысты аз мемлекеттің бірі болатын. Шү­кіршілік етерліктей орнымыз бар, содан бергі тәуелсіз 20 жылда еліміз осы ырғағынан жаңылмай,  өңірдегі тұрақ­ты­лық пен айқындықтың эпи­цен­трі  ғана емес, әлемдік аренада беделді мемлекетке айналды. Әрине, осы тұрғыдағы мемлекетті қалыптастыруда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев­тың ерен еңбегінің орны ерекше.

БҰҰ-ға қабылданған еліміз Ұйымның Жарғысында және Жалпыға ортақ декларацияда көрсетілген бостандық пен құ­қық сақтауды, оны қамтамасыз етуді міндетіне алып, әлемдік қоғамдастық бас біріктірген Ұйымға ол қастерлейтін құн­ды­лықтарды қадірлейтін бөл­ше­гі ретінде енді. Сонымен қатар, еліміз әлемдік қоғам­дастыққа толыққанды интеграциялануда және тәуелсіз мемлекет қалыптастырудағы ре­фор­маларды жүргізуде БҰҰ-ның түрлі институттары тара­пы­нан қолдауға ие болды.

Қазақстан БҰҰ-ға мүшелік­ке қабылданғанда оның құ­ра­мын­да 168 мемлекет болса, қа­зір оның қатары өсіп, 193 елге жетті. Сол алғаш мүшелікке өткеннен бері еліміз Ұйым жұмысына белсенді атсалы­суы­мен келеді. Бұл – еліміздің сыртқы саясатындағы  басым бағыттардың бірі.

БҰҰ жанындағы Қазақ­стан­ның Тұрақты өкілдігі Президент Жарлығымен 1992 жыл­­дың 15 маусымында ашыл­ған­нан бері еліміздің сыртқы сая­сатының міндеттері мен мақ­сат­тарын алға апарудағы,  әлем­дік қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтаудағы оң бас­та­ма­ларды жүзеге асырудағы, өңір­дегі және ел ішіндегі маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудегі белсенді құрамдасының қызметін атқарып келеді.

Қазақстан тәуелсіз ел атан­ғанда бұрынғы Одақтан аса ірі ядролық арсенал мұраға қа­лып, Семей ядролық полигоны жұмыс істейтін. Міне, осы кезде Ел басшысы бірден-бір дұ­рыс, яғни ядролық қарудан бас тарту туралы шешім қабыл­дады. Осылайша, 1991 жыл­дың 29 тамызында тарихи құ­жатқа қол қойылып, еліміздің ядросыз саясатының негізі қа­ланды. Арада 20 жыл өткен соң БҰҰ Бас Ассамблеясы Қа­зақстан бастамасын қолдап, өзінің 64-ші сессиясында 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халық­ара­лық күні деп жариялады.

Ядролық қару мен сынақ алаңынан өз еркімен бас тарту әлемдік тарихта бұрын-соңды орын алмаған айтулы оқиға еді. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның 2010 жылы елімізге келіп, Семей ядролық полиго­ны­ның орнына барған сапа­рында осы бастаманы аса ма­ңыз­ды тарихи қадам деп ба­ға­лады және «Қазақстан ядролық қарусызданудың айқын лидері. 1991 жылы Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы және ядролық қарудан бас тарту туралы батыл шешім қабыл­да­ды. Бұл – көрегендік қадам», деп ядролық қаруы бар державалардың басшыларын Қазақстан жолымен жүруге шақырды.

2010 жылы БҰҰ Бас хатшысы қазақ жеріне екі рет, сәуір және желтоқсан айларында келіп кетті. Ал БҰҰ Бас хатшысы ешбір елге, егер ондағы жағдай тұрақты болып және ешқандай кикілжің орын алмаса, бір жылда екі мәрте атбасын бұрған емес.

Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілдігі өз жұмысында әлемдік қоғам­дас­­тықтың назарын Семей ядролық полигонының зардаптарын жоюға аударып, 1997 жылдан бері Ұйымның осы мәселе бойынша 6 қарар қабыл­дау­ына мұрындық болды. Оның соң­ғысы Бас Ассамблеяның 66-шы сес­сия­сында қабылданды. Ал 2009 жылы Семей қаласында бес Орталық Азия мемлекеттері басшыларының мәмілеге келіп, Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру жөніндегі шешімге қол қоюы халықаралық және өңірлік қауіп­сіздікті қамтамасыз етуде маңызды қа­дам болды. Осы орайда Қазақстан ядро­лық қауіпсіздік бойынша және ядролық  материалдардың таралуы мен ядролық терроризмге қарсы өңірлік іс-жоспар­дың жасалуына бастамашылық етті.

Вашингтонда 2010 жылдың сәуі­рін­дегі Жаһандық саммитте Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ядролық қарусыз аймақтар құру жөніндегі бастамамен шығып, оның Таяу Шығыста да қажеттілігін мәселе етіп көтерді.

2011 жылы Бас Ассамблеяның 66-шы сессиясында Бас хатшының бас­та­ма­сымен ядролық қарусыздану бой­ын­ша  жоғары деңгейдегі кездесу өткізі­ліп, оған БҰҰ-ға мүше қауіпсіздік мә­селелері бойынша жаһандық көш­бас­шы мемлекеттердің басшылары қа­тыс­ты. Бас хатшының жеке өзінің шақы­руымен Қазақстан, Франция, Корея, Жапония, Бразилия, Украина және Ресей мен АҚШ-тың сыртқы саясат ве­домстволарының басшылары  кездесуге жиналды.

Осы отырыста Қазақстан Президенті ядролық қауіпсіздік мәселесімен қатар, оның әскери және әскери емес аспектілерін де көтеріп, оның ішінде атомды бейбіт мақсатқа қолдану, атом электр стансаларының қауіпсіздігі ту­ралы мәселе қозғап, ядролық қаруы бар мемлекеттердің оны қолданамын деп қорқытуы мен жалпы қолданбау жайында құқықтық міндеттеме алған құжат қабылдау қажеттігіне тоқталып, оны уақыт оздырмай тезірек әзірлеу керектігін мемлекет басшыларының назарына салды.

Қазақстанның БҰҰ-дағы ендігі бір басымдық беретін бағыты – этнос­ара­лық және дінаралық толеранттылық мәселелері. Біздің еліміз БҰҰ аясында 80 мемлекетті құрамына біріктірген Өр­кениеттер альянсы достарының қа­та­рында. Сондай-ақ еліміз 2010 жыл­дың Мәдениеттердің халықаралық жа­қын­дасуы жылы деп жариялануы бас­та­машыларының бірі болды. Жақын арада Ұйым мәдениеттердің  халық­ара­лық  жақындасуының онжыл­ды­ғы­на дайындығын бастайды. Ол жай­ын­дағы ұсыным 2011 жылдың жазында ЮНЕСКО-ның Тұрақты кеңесінің отырысында қабылданған еді.

Осы мақсатпен біздің еліміздің бас­тамасымен өткізіліп жүрген, қазіргі күні әлем мойындап отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары­ның съезі үндесе түседі. Қазақстан бастамасы қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауда жергілікті, ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейде үнқа­ты­су­ларды қолдау қажеттігінің тамаша үлгісі болып отыр.

Еліміздің Ұйым аясындағы жұмы­сы­ның ендігі бір құрамдас бөлігі те­ңізге шығар жолы жоқ мемлекеттердің сауда және транзитті-көлік әлеуетін арт­тыру бойынша мәселелерді шешу болып табылады. Осы ретте 2003 жылы дамушы мемлекеттердің қаты­суы­мен теңізге шығар жолы жоқ мемлекеттердің Алматыда өткен БҰҰ-ның министрлер конференциясының, онда қабылданған Алматы деклара­циясы мен бағдарламасының маңызы зор. Ол қазіргі күні Ұйымға мүше мемлекеттердің осы бағыттағы ын­тымақтастықтарын арттыруына қажет­ті құқықтық негіз қалайды.

Жаһанданған әлемде жеке бір елдің қауіпсіздігі жайын сөз етуге болмайды. Сол себептен, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде (ҚК) қаралатын барлық мә­се­лелер бойынша Қазақстан ұстанымы айқын. Олардың маңызды деген бір­қа­та­рын назарға  салып өтсек, ол – ядро­лық және өзге қарулануға қарсы, ға­рышты бейбіт мақсатқа пайдалану, Таяу Шығыс мәселелері, Палестина, Иран­ның және Солтүстік Кореяның ядро­лық бағдарламаларына ҚК-нің санк­ция­лары, Ауғанстандағы жағдай, со­зыл­малы даулар, трансұлттық қыл­мыс­тар, есірткі тасымалы және тағы да бас­қа  адамзат баласы алдында тұрған проб­ле­маларды оң шешудің әлемдік қоғам­дастықпен бірге жолдарын іздестіру.

Еліміз Ұйым комитеттерімен ҚК санкциялары бойынша ынтымақтаса жұ­мыс атқарып, оның қарарларының орындалуы турасында жыл сайын есеп беріп отырады. Сонымен қатар, БҰҰ ҚК-дегі ынтымақтасуының бір парасы Контртеррористік комитет (КТК) ая­сында жүзеге асырылып келеді. Атал­ған комитеттің жұмысы Ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық және өңір­ара­лық деңгейде террорлық әрекеттерге қарсы әлеуеттерін нықтауға негізделген. 2011 жылдың қыркүйегінде елор­да­мызда БҰҰ ҚК-нің өңірлік семи­нары өткізіліп, онда жаппай қырып-жою қаруларын таратпау және өңірдегі мемлекеттерге шығарылып, кіргізілетін экспорт пен импортқа жауап беретін мемлекеттік органдарға қажетті нақты ұсынымдар қарастырылды.

Қауіпсіздік кеңесінің назарындағы ендігі маңызды мәселелердің бірі – «Әйел­дер, бейбітшілік пен қауіпсіз­дік». Бұл үдерістің негізі БҰҰ-ның 1325 (2000) қарарында қаланып, орын алған кикілжіңдер мен қақтығыстарды шешуде әйелдер рөлін ұлғайтуға, қақ­тығыс-жанжалдарды болдырмауға олар­дың қатыстырылуы мен бейбіт өмірді қалпына келтіруде, кикілжің­дер­дің салдарымен күресте әйелдердің белсенділігін арттыруға бағытталған.

Қауіпсіздік кеңесі БҰҰ-ның Өңір­лік орталығының жыл сайынғы превентивті дипломатиясының Орталық Азия бойынша есебіне ерекше мән береді. Ол өңірдегі 5 мемлекеттің – Қа­зақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түр­кіменстан және Өзбекстан тарапының бастамасымен құрылған БҰҰ-ның ар­найы саяси миссиясы. Жыл сайын БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Қазақстанның Тұрақты өкіліне осы есептен толық мә­лімет беріп, Өңірлік орталықтың жұмы­сының мөлдірлігін қамтамасыз етеді.

Еліміз осылармен қатар БҰҰ-ның тағы бір орталық органы – Экономи­ка­лық және әлеуметтік  кеңес (ЭӘК) жұмысына да белсенді түрде қатысып келеді. Осы Кеңеске мүшелікке өткен 2008 жылы Қазақстан алғашқы 8 елдің қатарында  Мыңжылдық даму мақ­сат­та­рының (МДМ) Қазақстанда қалай жүргізілуі турасындағы елдік баян­да­маны өз қалауымен жасады. Ал МДМ Кеңестің ресми құжаты болып саналады.

Еліміздің 2010-2014 жылдарға ар­налған үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы Қазақ елін әрі қарай дамытудың экономикалық стратегиясы болғандықтан, осы жыл­дың маусым айында өтетін БҰҰ та­рихындағы айтулы шара – тұрақты да­муға арналған «Рио+20» конферен­циясына қатысуы маңызды. Ол – 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен «Жер – Планета» тарихи саммитінің 20 жыл­дығына орайластырылмақ.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Рио+20»-ның  назарына XXI ғасырда тұрақты дамудың Жаһандық энерго-экологиялық стратегиясын және «Жа­сыл көпір» бастамасын ұсынып отыр. Жаһандық энерго-экологиялық стратегия әлемдегі барлық елдердің энер­ге­ти­калық және басқа да табиғи ре­сурс­тарға қажеттілігін экологияға зиянын тигізбейтіндей етіп пайдалануға саяды. «Жасыл көпір» бағдарламасы Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдерінің дәстүрлі даму моделінен «жасыл» да­муға ауысу кезеңіндегі әріптестіктерін күшейтуге арналған.

Елбасының жаһандық экономи­ка­лық және қаржылық дағдарыс зар­дап­тарын жеңуде үйлесімді шаралар қа­былдау мен оның болашақта қайталан­бауын қамтамасыз ету жайындағы бастамалары ерекше маңызды. Дағ­да­рысты еңсерудің және халықаралық қаржылық саясатта жаңа модельдерді іздестірудің маңызды да нақты ұсы­нымдары ретінде Тұрақты өкілдік Қа­зақстан Республикасы Президентінің халыққа арнаған Жолдауын БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжаты ретінде үш мәрте таратты.

Қазақстанның БҰҰ-дағы міндеттері өте үлкен. Сондықтан да біздің елімізді қызықтыратын мүдделер ауқымы да өте кең. Мысал ретінде Қазақстан де­легациясының 1 жыл ішінде жасаған мәлімдемелерін келтірейік. Бас Ассам­блеяның әрбір сессиясының күн тәр­тібінде орташа есеппен 170 тармақ болады десек (өткен 66-шы сессияда 174 тармақ болды), біздің делегация түрлі тақырыптар бойынша 100 шақты мәлімдеме жасайды. Бас Ассамблея­ның әрбір сессиясында Қазақстан БҰҰ күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге, оның ішінде, біздің еліміздің сыртқы саясатындағы басым бағыттарға қатыс­ты бірқатар қарарлардың екінші авто­ры болатыны қазір ешкімге жаңалық емес. БА-ның өткен 65-ші сессиясында Қазақстан 39 қарардың екінші авторы болса, 66-шы сессияның БҰҰ жұмы­сы­ның барлық салалары бойынша  42 қа­рардың осындай авторлығын атқарды.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдері Бас Ассамблеяның әр түрлі сессияларының Вице-президенттері болып 4 рет  сайланды. Әсіресе, Тұрақты даму комиссиясының 20-шы сессиясына «Рио+20» конференция­сына әзірлік қарсаңында төраға болып сайлануымыздың маңызы   ерекше деп білеміз. 2012 жылдың басында Қазақ­стан ЮНИСЕФ-тің Атқарушы кеңе­сі­нің құрамына бір жыл мерзімге  сай­ланғанын да айта кету ләзім. Сонымен қатар, 2012 жылдың 12 қаңтарында Адам құқықтары жөніндегі комитетке мүшелікке Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, белгілі заңгер Марат Сәрсембаевтың сайлануы үлкен табыстың бірі болғаны рас. Ал алда Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жыл­дар­дағы тұрақты емес мүше болып сай­лану мүмкіндігі де біз үшін ма­ңызды міндеттердің бірі. Сайлау 2016 жылы өткізілетініне қарамастан, сайлау науқаны басталып кетті.

Қазақстан Ұйымның  тұрақты бюд­жетіне, бітімгершілік операциялары­на, халықаралық  қылмыстық трибуналдар қызметіне қажетті жарналарын үзіліссіз өткізіп келеді. Ал жарна мөлшерін анықтауда БҰҰ-ға мүше елдің төлем қабілеттілігі басты критерий болып  саналады және ол елдің ІЖӨ-сіне, адамдардың орташа табыс көлеміне тәуелді екені белгілі. 2008 жылы Қазақстан жарнасының көлемі 1 млн. 123 мың АҚШ долларын құраса, 2011 жылы ол 3 млн. 104 мың доллар болды. Осылайша жарна  өсімі 2 млн. 220 мың 236 АҚШ долларын немесе 197 пайызды көрсетіп отыр.

Бұдан өзге Қазақстан БҰҰ-ның  бас­қа да жобалық бағдарламаларының іске асуына, оның институттарына және сонымен қатар, түрлі қорларға ерікті түрде жарна төлеп отыр. Олардың да мөлшерлері жыл сайын арта  түсуде. БҰҰ жүйесіндегі түрлі органдарда 20 шақты Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Олар бітімгершілік, даму, есірткімен күрес, бюджеттік мәселелер, конференцияларды қамтамасыз ету, байланыс және ақпараттық технология салала­рында табысты еңбектенуде.

Біз БҰҰ-дағы биік лауазым­ның біріне Қазақстан өкілін ұсыну жөніндегі Қазақстан Президенті жобасының жемісті іске асқанын мақтанышпен айта ала­мыз. БҰҰ Бас хатшысы орын­ба­сарының орынтағына тарихта тұңғыш рет біздің отандасымыз Қасым-Жо­ма­рт Тоқаев отырды. Ол бұған қоса БҰҰ-ның Жене­вадағы бөлімшесінің ди­ректоры және Қарусыздану бойынша конференцияның бас директоры қыз­ме­тін атқаруда. Тоқаевтың мұндай қыз­метке тағайындалуы қазақстандық өкілдің биік кәсіби және  саяси дең­гейін айғақтау­мен қатар, біздің мемлекет пен оның басшысының биік беделін де көрсетеді.

Өз мойнына алған міндеттерді орын­дау, БҰҰ жүйесіндегі бар­лық ұйым­дар­мен арадағы ын­тымақтастықты да­мыту және со­нымен қатар, донорлық қоғам­дастықпен  бірге орын алған проб­­лемаларды шешіп отыру біздің елі­міздің БҰҰ аясындағы басты ба­сымдығы болып қала береді.

Бірғаным ӘЙТІМОВА, Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.