Абай мектебін тірілткен абыз

Абайдың ақын шәкірттерін Мұхтар Әуезовтің айтуымен алғашқылардың бірі болып зерттеп, қазақ әдебиетіндегі орнын талдап, өз бағасын берген - Қайым Мұхаметханұлы. Ол Абайдың ақындық мектебінің Х1Х ғасырдың екінші жартысындағы рөлін, қазақтың рухани мәдениетін алға жылжытуға қосқан үлесін анықтап, баға беруде аянбай еңбек етті.

Ұзақ жылдар Абай шәкірттерінің өмірін, шығармашылығын зерттеп, оларға әдеби талдау жасап, өзінің дербес пікірлерін анық білдіріп отырды. Бұл талдаулар, көзқарастар, сол дәуірдегі тоталитарлық жүйе түсінік танымына қайшы келетін, кеңестік идеологияға жат ұғым ретінде қабылданды. Абай мектебі сол дәуірдегі қазақ қоғамының рухани дамуына әсер етті.

Зерттеуші Абай мектебінің шәкірттерін екі топқа бөліп қарайды: Ақындар тобы - Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп, Әсет. Әнші-композитор, жыршы-ертегішілер - Мұқа, Мұқаметжан, Әлмағамбет, Бейсембай, Баймағамбет және тағы басқалар.

Қайым Мұхамедханұлы олардың әрқайсының шығармашылығына жекелей тоқтап, талдаулар жасады. Абайдың шәкірттеріне қойған талаптары мен шарттарын, ұсынған тақырыптарын және ақынның шәкірттеріне рухани жол көрсетуін жан-жақты сарапқа салды. Сөйтіп, 1951 жылы 7 сәуірде «Абайдың әдебиет мектебі» атты кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл еңбегінде Абайдың ақын шәкірттерінің, Абай мектебінің тарихын зерттеп, тың деректерге толы мәліметтер ұсынады. М.Әуезовтің жетекшілігімен жазылған еңбектің құндылығы жоғары. Алайда сол кезде бұл жұмыс үлкен талқыға салынады. Солақай саясаттың санаға салған салмағынан уланған түсінік пен таным еңбектің маңыздылығын жоққа шығаруға тырысты. Диссертация қызу айтыс, талас барысында өтеді. Абайдың ақын шәкірттерінің әрқайсысының ақындығы мен еңбектерін зерттеу жұмысында ғалым терең ізденістерге барады. Олардың Абай әдеби мектебінің өкілі ретіндегі орнын нақтылап, дәйекті дәлелдер мен тұжырымдар келтіреді. Абайдың ықпалымен жаңаша бағыттармен жұмыс жасап, қазақ мәдениетіне, әдебиетіне айрықша із қалдырған шәкірттердің мұраларын жарыққа шығарып, таныту зор еңбектің нәтижесінде жүзеге асады.

Бірақ біраз уақыт «Абайдың ақындық мектебінің» ірі өкілі Шәкәрім туралы және де басқа шәкірттерін қаралайтын қате пікірлер олардың мұраларының жарыққа шығуына және халық арасына насихатталуына осындай тосқауылдар қойған еді.

Бірақ түптің түбінде шындық жеңді. Сталинизмнің қатал саясаты бәсеңсігеннен кейін-ақ Қайымның зерттеулерінің қазақтың әдеби процесінің даму бағыттарын дұрыс талдағаны дәлелденеді. Абайдың ақындық мектебінің болғандығы және оның озық өкілдері Абайдан соң қазақ әдебиеті мен поэзиясын жаңа биікке көтергендігі белгілі болды. Осы зор маңызы бар тақырыпты ашып, қазақ халқына мұра етіп қалдыруы Қайымның жасаған ғылыми ерлігі делінді.

Мұхтар Әуезовтен кейін қазақ әдебиетінде абайтану іліміне зор үлесін қосып кеткен, абайтануды биік деңгейге көтерген Қайым болды. Оның азаматтығы ерлігі өз ұстазы Мұхтар Әуезовті сатпауында. «Байшыл - буржуазияшыл көзқарастарға Әуезовтің ықпалымен бардым», - десе Қайым қылышынан қан тамған кеңес жүйенің репрессиясынан құтылатын еді, топты бала-шағасымен қауышатын еді. Алайда Қайым шындықты, ақиқатты таңдады. Ұстазын НКВД-ға ұстап бермей өзі жазған еңбектеріне өзі жауап берді. Қорқыту, зорлық-зомбылық оны жаныштай алмады. Қайым 25 жылға түрмеге айдалып кете барды. Түрме мен зона оны сындыра алмады.

Сталин өлгеннен кейін 5 жыл отырған соң Қайым ақталып шықты. Оның ғылыми еңбегі азаматтық ұстанымы мен ерлігі әрбір қазаққа үлгі екендігі ақиқат. Ар алдында, қазақ ұлтты алдында Қайым ерлік үлгісін көрсетті. Оның ұзақ жылдардағы қазақ әдебиетіне сінірген еңбегі ұшан-теңіз. Қайымның ерлік үлгісі қазақ халқымен бірге ұрпақтар санасында мәңгі сақталады деп сенеміз.


Салтанат ІЗТІЛЕУОВА,
филология ғылымдарының
докторы

www.aikyn.kz

  • Ілмектер:

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.