ЕҰУ-де кезекті Ғылыми кеңес отырысы өтті

Елбасы Жолдауда әлеуметтік-экономикалық дамудың 10 бағытын атап айтқан болатын. Оның ішінде білім беру жүйесін модернизациялауда Елбасы бірқатар міндеттер жүктегені белгілі. Ғылыми кеңесте сөз алған ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов өз баяндамасында оқу ордамызда жүзеге асырылуға тиісті міндеттерге жеке-жеке тоқталып өтті.

Бірінші міндет - оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу. Жүктелген міндеттер аясында жүзеге асырылатын ЕҰУ-дың жобалары: «ЕҰУ-дегі Болон үдерісі» бағдарламасы; университеттің интеграцияланған ақпараттық жүйесі»; білім бағдарламаларын интернационализациялау»; білім трансфері» жобасы; академиялық зал» жобасы. Президент Жолдауында белгіленген екінші және үшінші міндеттер - педагогтар құрамының сапасын арттыру, біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру. Міндетті жүзеге асыру бағытында көзделіп отырған шаралар - оқытушы-профессорлар құрамын аттестациядан өткізу және сапалы біліктілікті жетілдіру курстарын ұйымдастыру.Елбасы белгілеген төртінші міндет - білім берудің қолжетімділігін күшейту. Бұл міндеттің негізгі арқауы – мемлекет пен жеке меншік әріптестігі, ауылдық жерлерден және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан жастардың жол жүруі мен өмір сүруін субсидиялау, жатақханалар желісін дамыту тетіктері арқылы білім берудің қолжетімділігін кеңейту. Бесінші міндет - жастарға білім берумен қатар, олардың әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндіктер туғызу. Әрбір білім алушы алған білімін күнделікті өмірде, әлеуметтік ортада, қоғамда, тосын оқиғалар кезінде қолдана білу. Жастардың әлеуметтік бейімделуге қабілеттілігі теориялық біліммен сабақтастырылып, қатар өрілуі тиіс. Президенттің Жолдауындағы маңызды міндеттердің бірі - оқу үдерісінің тәрбиелік мазмұнын күшейту. Кешенді тәрбиелік шаралар факультеттік-университеттік- қалалық-республикалық деңгейде үздіксіз жүргізу; «Студенттік кинотеатры» жобасын тәрбиелік мақсатта пайдалану; университетіміздегі Студенттік медициналық орталық» арқылы студенттердің және қызметкерлердің денсаулығын тексеруге, емдеу қабылдауына мүмкіндіктер тудыру.

«Міне, Президент ерекше ден қойған осы мәселелер біздің әрқайсымыздың назарымызда болуы қажет және күнделікті қызметіміз бен жұмысымыздың басты арқауына айналуы тиіс»,-деді ректор Ерлан Сыдықов.

Университет дамуының негізгі мақсаты - бүгін және болашақта жоғары сапалы біліммен қамтамасыз ету, қоғамның күннен күнге артып келе жатқан сұранысына лайықты мамандар даярлау, интеллектуалды, жоғары патриоттық сезімдегі жастар ортасын қалыптастыру. Оның мүмкіндігі Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін еліміздің индустриалды-инновациялық дамуына және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталмақ.

ЕҰУ-дың оқу үдерісіндегі Президент Жолдауынан бастау алған жетістіктеріне келер болсақ, елімізде соңғы жылдардағы өзгерістер Болон декларациясының негізгі ережелеріне сәйкес жүргізіліп келеді.2003-2004 оқу жылының өзінде білім беру бағдарламаларын кредиттік технология талаптарына сай жүзеге асыру жұмыстары басталды. Бұл оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етудің жаңа қағидаттарын жасауды – үш түрлі оқу жоспарын ендіруді, силлабустар, таңдау пәндерінің каталогын, оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеуді қажет етті. Білім алушылардың академиялық ұтқырлығын (мобильділігін) қамтамасыз етудің негізгі алғышарттары жасалды, бакалавриат пен магистратурадағы қос дипломды білім беру бағдарламасы, ЕҰУ-дың ТМД елдерінің Желілік университетінің және ШЫҰ (Шанхай ынтымақтастығы ұйымы) елдері университетінің қызметіне араласуы, PhD докторантура бойынша шетелдік әріптес жоғары оқу орындарында міндетті түрде тәжірибе жинақтаудан өтуі; ERASMUS MUNDUS, DAAD академиялық алмасу бағдарламалары, 2011-2012 оқу жылында білім беру бағдарламалары модульдік құрылым қағидаты бойынша әзірлене бастады. 2009 жылы ЕҰУ Иордандық жоғары оқу орындарының аккредиттеу жөніндегі Жоғары Комитетімен аккредиттелді, 2011 жылы Инженерлік білім беру ассоциациясының (Ресей) техникалық бағыттағы алты білім беру бағдарламасын аккредиттеу туралы сертификаттар алынды.

Еуразия ұлттық университетінде халықаралық ғылыми-білімдік қызметті кеңейтуге бағытталған бүгінгі заманның білім бағдарламаларын және инновациялық ғылыми зерттеулерін жүзеге асыруға мүмкіндігі мол қуатты білімдік және интеллектуалдық күш шоғырланған. Бүгінде әлемдік беделді ғылыми мінберлерден есімі ілтипатпен айтылатын ғалымдарымыз аз емес. Мысалы, академик Мұхтарбай Өтелбаев пен профессор Уәлібай Өмірбаев Елбасы қолынан ғылым бойынша Мемлекеттік сыйлық алғаны алдағы үлкен жеңісіміздің бастауы болуы тиіс.

2011 жылы Түркология және алтайтану орталығының директоры, профессор Қ.Сартқожаұлының экспедициясы Моңғол жерінен ежелгі түркі заманының Шатыртау жерасты кесенесін тауып, әлемдік жаңалық ашқанын мақтан ете аламыз. Философия саласындағы академик Ж.Әбділдин, физика саласындағы Р.Мырзақұлов пен А.Арынғазин, математикалық анализ саласындағы Н.Темірғалиев, биология саласындағы Р.Берсімбай, химия саласындағы С.Рахмадиева сынды ғалымдарымыздың ашқан жаңалықтары ел есінде.

«ЕҰУ кадрлары», «IT-университет», «ЕҰУ-дегі Болон үдерісі», «ЕҰУ-дегі ғылым», «Бәрі де студенттер үшін» атты ЕҰУ-дың бес стратегиялық жобалары мен бағдарламалары Жолдауда Елбасы белгілеп берген басым бағыттардан бастау алады.

ЕҰУ жұмыс берушілермен қарым-қатынасты еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына сәйкес орнатуда. ҚР индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген ұйымдармен келісім-шарттар жасауға байланысты жұмыстар жүргізілуде. 2011 ж. магистратура бойынша алдағы уақытта жұмысқа орналасу мүмкіндігімен тәжірибеден өту туралы кәсіпорындармен 450 келісім-шарт, 2012 ж. 600 келісім-шарт жасалды.

2010 жылдың қорытындысы бойынша 2004 университет бітіруші студенттерінің 1813-і жұмысқа орналастырылған, бұл барлық бітірушілердің 90 %-ы, 2011 жылы 1711 университет бітіруші студенттерінің 1580-і жұмысқа орналастырылған, бұл да барлық бітірушілердің 90 %-ын құрайды. Университетімізде «Түлектер ассоциациясының» құрылғандығын атап өту маңызды, ассоциацияның көмегімен жас мамандарды дайындауға байланысты жұмыс берушілердің пікірлерін анықтау, олардың өсу жолын, кәсіби өсуін бақылау жұмыстары жүргізілуде.

Ақпараттандыру жұмыстарының жаңа бағыты – e-learning бағдарламасын жүзеге асыру, өйткені университет электрондық білім беру жүйесі қызметін тасымалдау-шылар Консорциумының қатысушысы болып саналады.

Сонымен қатар ректор Ерлан Бәтташұлы Президент Жолдауы мен ҚР БҒМ ұсыныстары негізінде оқу ордамыздың тиісті құрылымдарына мынандай тапсырмалар жүктеді:

- Жаңа талаптарға сай мамандарды топтастыру мен оқытушы-профессор құрамының сапасын арттыру үшін арнайы аттестаттауды жүзеге асыру;

- Әр оқу жылы сайын оқытудың инновациялық әдістерін арттырып, оқу мен ғылым үдерісіне енгізу;

- Әр оқу жылы сайын білім беру бағдарламаларының сапасы жетілдірілсін;

- Аттестаттаудан сәтті өткен оқытушы-профессорлар құрамын материалдық ынталандыру тетігі әзірленіп, орындалсын;

- Таңдаулы ғылыми жобалар қоры әзірленіп, «ЕҰУ ректорының ғылыми гранты» Ережесі әзірленсін;

- Инновацияға бағытталған республикалық және шетелдік ғылыми жоба гранттарын ұтып алу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылсын;

- Магистратура мен докторантура бойынша инновацияға негізделген жұмыстар кешенді түрде атқарылып, шетелден шақырылатын ғалымдардың сапасы, ауқымы арттылсын;

- Студенттер, магистранттар, докторанттар арасында таңдаулы ғылыми зерттеулер байқауы ұйымдастырылып, озаттар марапатталсын;

- Мемлекеттік тілде оқулық жазу байқауы ұйымдастырылып, озаттар марапатталсын;

- Жоспарланған әлеуметтік нысандар құрылысы кестеге сай жүргізілуі қатаң бақылансын;

- «Тәрбие жұмысының 2013-2015 жылдарға араналған Кешенді бағдарламасы» дайындалсын;

- ЕҰУ-дың мерейлі «Күлтегін күні» Жолдау аясындағы тапсырмаларды орындауда үздік шыққан құрылым, факультет, кафедра анықталып, ынталандырылсын. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.