• ЖОО рейтингі

1 место С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

Орталық және Солтүстік Қазақстан өңіріндегі ірі аграрлық білім ордасы, астанамыздың алғашқы жоғары оқу орны - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті 1957 жылы Ақмола ауылшаруашылық институты ретінде құрылды (КСРО Министрліктер Кеңесінің 3.10.1957 жылғы №1176 Қаулысы).

Орталық және Солтүстік Қазақстан өңіріндегі ірі аграрлық білім ордасы, астанамыздың алғашқы жоғары оқу орны - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті 1957 жылы Ақмола ауылшаруашылық институты ретінде құрылды (КСРО Министрліктер Кеңесінің 3.10.1957 жылғы №1176 Қаулысы).

Бүгінде университет агротехникалық деп аталғанымен, тар бағытты емес, керісінше, көп бейінді білім ордасы болып табылады: ауылшаруашылық және техникалық бағыттағы мамандықтардан басқа білім беру, өнер, қызмет көрсету, әлеуметтік игілік және бизнес бағытындағы мамандар даярланады. Университеттің астананың ежелгі оқу орны ретінде өзіндік ғылыми мектебі бар, сол мектептің негізінде қазіргі профессорлық-оқытушылар құрамы қалыптасқан.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті – біртұтас еуропалық білім кеңістігін қалыптастыруға негіз болатын Университеттердің Ұлы Хартиясының тең мүшесі.

Жарты ғасырдан астам уақытта еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің түрлі саласына 50 мыңға жуық жоғары білікті мамандар даярланды. Олар табанды еңбектерімен мемлекет экономикасын дамытуға лайықты үлес қосты және қосып келеді. Университет өз түлектерін мақтан етеді. Олардың арасында ҚР Президенті Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкерлері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, елшілер, көрнекі ғалымдар, ғылым докторлары мен кандидаттары, облыс, қала, аудан әкімдері, ірі кәсіпорындар мен агроқұрылымдардың басшылары, халық шаруашылығы салаларының мамандары бар.

Оқу орны еліміздің білім-ғылым саласында ғана емес, шетелдік білім кеңістігінде жоғары беделге ие. Ресей, АҚШ, Германия, Франция, Түркия, Италия, Израил, Қытай, Моңғолия, Малайзия т.б. елдердің бірқатар білім және ғылым орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Университет бүгінде көптеген көрсеткіштер бойынша елорданың ғана емес, жалпы еліміздің білім ордалары арасында көшбасшы болып табылады, ол еліміздің отыз техникалық оқу орындарының арасында үздік үштік қатарында.


Оқу орнын әр жылдарда басқарған тұлғалар:

директор Т.Г.Духов (1958 ж. ақпан - 1961 ж. мамыр) – техника ғылымдарының кандидаты, доцент;

ректорлар:

М.А.Гендельман (1961 ж. мамыр - 1982 ж. қараша) – экономика ғылымдарының докторы, профессор;

К.Ә.Сағадиев (1982 ж. желтоқсан – 1990 ж. қараша) - экономика ғылымдарының докторы, профессор;

Я.Я.Мауль (1991 ж. ақпан – 1993 ж. қазан) - экономика ғылымдарының докторы, профессор;

Б.Ө.Әлімжанов (1993 ж. қазан – 2004 ж. қазан) – ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор;

А.Қ.Бұлашев (2004 ж. қараша – 2011 ж. қараша) – ветеринария ғылымдарының докторы, профессор.

А.Қ. Күрішбаев (2011 жылдың қараша айынан бері) – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының академигі.


Тарих беттеріне қысқаша шолу

1957 ж. – Ақмола ауылшаруашылық институты құрылды (КСРО Министрлер Кеңесінің 3.10.1957 ж. №1176 Қаулысы);

1996 ж. – институт Ақмола аграрлық университеті болып қайта құрылып, оған Сәкен Сейфуллин есімі берілді (ҚР Үкіметінің 7.05.1996 ж. №573 Қаулысы);

2001 ж. – университет С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университеті мәртебесіне ие болды (ҚР Үкіметінің 15.06.2001 ж. №821 Қаулысы);

2004 ж. – университет «С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университеті» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылды (ҚР Үкіметінің 03.08.2004 ж. №829 Қаулысы).

2007 ж. – университет ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағына беріліп, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» акционерлік қоғамы болып қайта құрылды (ҚР Үкіметінің 22.05.2007 ж. №409 Қаулысы).

ҚазАТУ Республиканың жоғары оқу орындары арасында ең алғашқылардың бірі болып «Русский Регистр» және IQNet (Сертификаттау бойынша Халықаралық желі) сертификаттау жүйесіндегі ИСО 9001:2000 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес аудит тексерісінен өтіп, 2005 жылғы 18 сәуірде № 000340 куәлігіне ие болды.

Қазіргі кезде университетте 43 кафедра бар. Сегіз факультетте 33 мамандық бойынша сегіз мыңнан астам студент білім алуда. Білім бері үдерісін 652 оқытушы, оның ішінде 285 ғылым докторы мен кандидаты жүргізеді. Оқу орнында 4 мамандық (ветеринарлық медицина, ветеринарлық санитария, агрономия, зоотехния) бойынша PhD докторантурасы6 20 мамандық бойынша магистратура және 3 диссертациялық кеңес жұмыс істейді.

Университетте мамандар даярлауда төмендегідей факультеттер жұмыс істейді:


Агрономия факультеті

1957 жылы ашылған.
Факультет «Агрономия», «Орман шаруашылық ісі», «Топырақтану және агрохимия», «Экология», «Жеміс-көкөніс шаруашылығы» мамандықтары бойынша бакалавр мамандарын даярлайды.
Факультетте «Агрономия», «Орман шаруашылық ісі», «Топырақтану және агрохимия», «Биотехнология» мамандықтары бойынша магистрлер дайындалады.
Факультеттегі «Топырақ мұражайы» солтүстік және орталық аймақтардағы бірегей мұражай болып табылады.
Факультетте дән сапасын бағалау; тұқымтану; биотехнология; агрохимия;
диагностика және өсімдіктердің микроклональдық көбеюі; мал азығын өндіру; ауылшаруашылық дақылдарының зиянкестері мен аурулары коллекциясы; өсімдік шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу технологияларының ғылыми зертханалары бар.


Сәулет өнері факультеті

1965 жылы құрылған.
1992 жылы сәулет өнері факультеті әлемнің танымал болған сәулет өнері мектептерінің каталогына енгізілді.
Мамандарды дайындау мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарына негізделіп, 062040 Сәулет өнері, 061340 Дизайн, 050420 Сәулет өнері (бакалавр), 050421 Дизайн (бакалавр) мамандықтары бойынша күндізгі оқыту бөлімдерінде жүргізіледі.
2006 жылы факультет «Сәулет өнері» мамандығы бойынша магистратура ашу туралы лицензияға ие болды.


Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультеті

1964 жылы негізі қаланған.
Факультет «Ветеринарлық медицина», «Ветеринарлық санитария» мамандықтары бойынша маман және «Биотехнология», «Зоотехния», «Аң өсіру және аңшылық», «Балық шаруашылығы», «Азық-түлік тағамдары технологиясы» мамандықтары бойынша бакалаврлар даярлайды.
2006 жылдан бастап факультет «Ветеринарлық медицина», «Ветеринарлық санитария», «Биотехнология», «Зоотехния», «Аң өсіру және аңшылық», «Балық шаруашылығы» мамандықтары бойынша магистратура ашу үшін лицензияға ие болды.
Факультетте паразитология, акушерлік және хирургия мұражайлары, биотехнология, мал азықтандыру, сүт өңдеу, токсидермия, ветеринарлық сараптау зертханалары, балық өсіру цехы жұмыс істейді.


Жерге орналастыру факультеті

1957 жылы ұйымдастырылған.
Факультет «Жерге орналастыру», «Кадастр», «Бағалау», «Геодезия және картография» мамандықтары бойынша бакалаврлар даярлайды.
Факультетте «Жерге орналастыру» мамандығы бойынша магистратура ашылған.
Факультетте профессор М.А.Гендельман атындағы мұражай бар.


Компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультеті

Факультет 1985 жылдан бастап жеке факультет ретінде жұмыс істейді.
Факультет «Кәсіптік білім беру», «Ақпараттық жүйелер», «Есептеу техникасы және программалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша бакалаврлар дайындайды.
Факультетте «Кәсіптік білім беру», «Ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша магистранттар дайындалады.


Техникалық факультет

1957 жылы құрылған.
Факультетте «Агроинженерия», «Стандарттау, метрология және сертификаттау», «Технологиялық машиналар мен жабдықтар», «Көлік, көлік техникасы және технологиялар», «Көлікті пайдалану және жол қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру», «Өңдеу өндірістерінің технологиясы» мамандықтары бойынша мамандар дайындалады.
Факультет «Агроинженерия», «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандықтары бойынша магистрлер дайындайды.
Оқу үрдісінде лабораториялық қондырғылармен жабдықталған аудиториялар және жаңа үлгідегі ауыл шаруашылық техникалары қолданылады.


Энергетикалық факультет

1965 жылы ұйымдастырылған.
Факультет «Электр энергетикасы», «Жылу энергетикасы», «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандықтары бойынша бакалавр даярлайды.
Факультет 2007 жылдан бастап «Электроэнергетика» мамандығы бойынша магистр даярлауға лицензияға ие болды.


Экономика факультеті

1960 жылы негізі қаланған.
Факультет «Экономика», «Қаржы», «Есеп және аудит», «Менеджмент», «Маркетинг», «Қызмет көрсету және сервис» мамандықтары бойынша бакалавр дайындайды.
Факультетте «Экономика», «Қаржы», «Аграрлық менеджмент» мамандықтары бойынша магистратура жұмыс істейді.
Факультетте интерактивті тақтасы бар кабинет және методикалық кабинет жұмыс істейді.


Сырттай оқу факультеті

1959 жылы құрылған.
Қазіргі уақытта факультетте жаңа үлгідегі ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды қолдануға негізделген қашықтықтан (дистанциялық) оқыту үрдісі енгізілуде. Мамандандырудың барлық бағыттары бойынша кейстік технологиялардың оқу-әдістемелік кешендері әзірленген.


Әскери кафедра

Әскери кафедра 1965 жылдан бастап тұрақты жұмыс істеп келеді.
Университет студенттері жоғары білім алумен қатар, әскери дайындықтан өтіп, мотоатқыш және әскери автомобиль түрлері бойынша лейтенант атағын алып шығады.

Әлеуметтік желі

Осында 13209 қолданушы ! Қосыл :)